Конституциялық Кеңес Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты норманы алып тастау туралы қосымша ұсынысты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Конституциялық Кеңес Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты норманы алып тастау туралы қосымша ұсынысты қабылдады

08.05.2022

Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциядағы мәртебесіне қатысты «тоқетерін» айтайық. «Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы туралы заң» жойылатыны бұған дейін белгілі болған. Өткен аптада ғана реформа бойынша жұмыс тобы 91-баптың 2-тармағында «Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы» деген тіркесті ғана қалдырып, «Елбасы» деген сөзді, оның мәртебесіне қатысты өзге дүниені алып тастауды ұсынған еді. Осы жетіде мемлекеттік хатшы telegram-да тағы бір жаңалықты жариялады. Ерлан Қарин «жұмыс тобындағы кейбір мүшелердің ұсынысы ескеріліп, Конституциялық Кеңеске Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты норманы алып тастау туралы қосымша ұсыныс жолданды», -деп жазған.

Жұмыс тобының сол кейбір мүшелері Нұрсұлтан Назарбаевтың «тарихи рөлі» онсыз да жалпыға мәлім, сондықтан Конституцияға бекітудің қажеті жоқ, - деген ойды негізге алып отыр екен. Конституциялық Кеңес бұл ұсынысты мақұлдап, одан кейін іле-шала референдум туралы заңға да түзетулер енгізілді. Өйткені бұл құжатқа сәйкес «Тұңғыш Президент мәртебесіне қатысты мәселені референдумда көтеруге болмайтын» еді. Сенат сол норманы алып тастап, заң жобасын мәжіліске кері қайтарды.



Хабарламаларға жазылу