Ассамблея қызметінің басым бағыттары айқындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ассамблея қызметінің басым бағыттары айқындалды

30.04.2022

Респубикалық референдум өткізу идеясы – құлақ асатын мемлекет қағидасының жемісі. Президент кешегі ассамблея жиынында Ата заңның кей тармақтарын түзетпес бұрын халық пікірі ескерілетінін айтты. Яғни, бұдан былай ел тағдырына қатысты маңызды қадам әуелі қоғам талқысына салынады.

Ата заңның 33-бабына өзгеріс енгізіледі. Бұл – Конституцияның үштен бір бөлігі. Маңызды құжатты түзету – енді Парламенттің ғана міндеті емес. Халық пікірі де елеусіз қалмайды. Сол үшін Президент Референдум өткізуді ұсынды.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қазақстандықтардың пікірін біліп, солармен санасып жасалған жұмыс осы өзгерістерге заңды негіз болады. Сондықтан бірге талқылайтын сәт – дәл осы сәт.

Қазір әлемдегі саяси ахуал шиеленісіп тұр. Қаңтардағы қақтығыс та ел ішін елеңдетіп қойды. Басты құндылық – бірлік пен бейбітшілік екенін ұғындырды. Ендігі кезекте жаңа бастамалардың жүгін жұмыла көтеріп, күш біріктірген жөн.

130 ұлттың тілі бөлек болғанмен, тілегі ортақ. Ол – ел тыныштығы мен тұрақтылығы. Түрлі этностардың ел дамуына қосып жатқан үлесі де аз емес. Мұндай фактілер толассыз, ендігі кезекте оларды қазақ тілінде жариялау қажет, - деді Президент.

Фандаль Сахибгереев, Маңғыстау облысы Татар этномәдени орталығының төрағасы:

Қазақстан бізге үлкен сенім артып отыр. Өз тілімізді, тарихымызды ұмытпауымыз үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр.  Қазақстандық болғаннан кейін біз оны қолдауымыз керек. Барлық халықты қазақ тілін меңгеруге шақырамын.

Келер айда Ұлттық құрылтай құрылады. Ассамблея жанынан этномедиация оқу орталығы ашылады. Ауқымды өзгерістер кезеңінде Жастар да белсенді болуы тиіс. Бірлікті бекемдеудің басым бағыттарын баяндаған Президент саяси реформалар жасауда ассамблеяның рөлі зор екеніне ерекше тоқталды.


Хабарламаларға жазылу