«Қарағанды-Балқаш» автобанының құрылысы кестеден кешігуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қарағанды-Балқаш» автобанының құрылысы кестеден кешігуде

29.04.2022

«Қарағанды-Балқаш» автобанының құрылысы кестеден кешігуде. Бес жылға жоспарланған халықаралық маңызға ие транзиттік жоба келер жылы бітуі тиіс. Алайда екі жыл пандемия, кейін құрылыс материалдарының қымбаттауы жұмыстың тұралап қалуына әкеп соққан. Салдарынан жұрт қара жерге салынған айналма жолдың азабын тартып-ақ жүр.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

«Қарағанды-Балқаш» тас жолының құрылысы 5 жылға жоспарланған. 2023 жылы аяқталуы тиіс. Алайда бүгінде күрежолдың 45 пайызы ғана салынып біткен. Тіпті осыдан екі жыл бұрын жолдың қос жолағы қозғалыс үшін тапсырылады деген уәде де орындалмай келеді.

Бұл екі аралықтағы жолдың жалпы ұзындығы 363 шақырым. Жолдың басым деніне асфальт төселмек түгілі айналма жолдарының өзінде ой-шұңқыры шығып жатыр. Жүріс өнбегені былай тұрсын, сапасыз жолдың салдарынан көлігі сынып, елдің есіл ақшасы шығын болуда.

Абзал Шәріпбай, көлік жүргізушісі:

Жол нашар, жүре алмаймыз. Доңғалақтың барлығын жарып келе жатырмыз. Бұл жол қашан бітеді? Бұрын енді 1,5 күнде кіретінбіз. Қазір 2-3 күн қонамыз. Бүгін міне, үшінші күні кетіп бара жатырмыз.

Елдос Жәкеев, көлік жүргізушісі:

Жолдың мәселесі көріп тұрғандарыңыздай нашар. Көлікке де обал. Өзіміздің де қалтамызды тесіп бара жатыр. Міне, қазір осы уақытта салдырлатып келе жатырмыз. Баллондар жарамсыз болып қалады. Жаңадан алған баллондарды тастар жыртып-жыртып тастайды.

2019 жылы қарқынды басталған құрылыс кейін екі жылғы пандемия кезінде тұралап қалды. Тіпті көліктер еркін жүруі үшін төрт жолақтың екеуі түгел асфальттануы тиіс еді. Оның үстіне құрылыс материалдары да бірнеше есеге қымбаттаған. Салдарынан кей учаскелерде жұмыс тоқтап қалды. Мердігерлер 2016 жылы әзірленген жобалық-сметалық құжаттағы құн бойынша жұмыс істеу тиімсіз екенін алға тартқан.

Дамир Ошақпаев, жобаның бас инженері:

Жол құрылысы материалдары қымбаттап кетті. Сол үшін қазір мердігер талап қойып жатыр. Оның бәрін қазір қарастырып жатырмыз. Көлемді бәрін санап, тұтынушымен бірге қалған объемді санап жатырмыз. Авторлық қадағалаумен бірге жұмыс істеп жатырмыз.

Жол құрылысы 8 учаскеге бөлінген. Жоба құны 248 миллиард теңге. Құрылысқа тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері егер Үкіметтік деңгейде мердігерлердің талабы мақұлданбайтын болса, олар жұмысты соңына дейін бітіруге міндетті, дейді.

Ерлан Жұмағұлов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:

Жалпы жоба 30 пайызға дейін қымбатшылыққа ұрынды. Жұмыстың 25 пайызы кестеден кешікті. Министрлікке, тиісті органдарға бұл мәселе мәлім етілді. Жалпы мердігерлер қандай жағдай болмасын жұмысты соңына дейін аяқтауы тиіс. Болмаса келісім-шартты бұзамыз.

Мұндай жағдайға дейін барса жол құрылысы тағы бернеше жылдарға созылып кету қаупі бар. Төрт жылда ең құрығанда жартысы салынбаған автобан келер жазда аяқтала қоятынына жұрт сенбейді. Енді асығыс істелгенін де қаламайды. Себебі сапа болмайды.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу