Еуропада балалар арасында жедел гепатит ауруы тарап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада балалар арасында жедел гепатит ауруы тарап жатыр

28.04.2022

Еуропада балалар арасында жедел гепатит ауруы тарап жатыр. Бүгінге дейін індет Еуроодаққа мүше 12 елде анықталды. Гепатитке 1 айлық сәбиден бастап, 16 жасқа дейінгі балалар жиі шалдығуда. Індет әсіресе Ұлыбританияда күш алып барады. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова қазір бізбен байланысқа шықты. Марина, осы уақытқа дейін қанша бала ауырған?

Марина Бекенова, тілші:

Бүгінге дейін 100-ден астам баланың жедел гепатиттің беймәлім түріне шалдыққаны белгілі болды. Олардың саны одан да көп болуы мүмкін. Өйткені індеттің ауыр белгілері жоқ азаматтар ауруханаға барып, тестілеуден өтіп жатқан жоқ. Әзірге бала өлімі жоқ, бірақ 11-нің бүйрегін ауыстыруға тура келген. Науқастардың басым көпшілігінде іш өту және лоқсу белгілері байқалып, терісі және көздері сарғайған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жұмбақ аурудың Канада мен Жапонияда да тіркелгенін айтады.

Тедрос Адханом, Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

Шығу тегі анықталмаған гепатиттің ауыр түрімен ауырған балалардың саны 169-ға жетіп, біреуі қайтыс болды. Әдетте жедел гепатитті туғызатын вирус ешбір науқастың бойынан табылмай отыр. Аденовирус басым көпшілігінде анықталды. Осы және басқа да болжамдар зерттеліп жатыр.

Ұлыбритания Денсаулық сақтау агенттігі де гепатиттің жаңа түрін аденовирус штамы туғызуы мүмкін екендігін айтады. 74 баланың бойынан осы вирус табылған. Мамандар коронавирусты да себептердің бірі ретінде қарастырып отыр. Науқастанғандардың 16 пайызының ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен. Пандемия кезінде балалардың иммунитеті әлсіреуінен де болуы мүмкін, дейді ғалымдар.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу