Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтар жойылып кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтар жойылып кетуі мүмкін

27.04.2022

Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтар жойылып кетуі мүмкін. Себебі жауқазынға қызығып, оны тамырымен жұлатындар азаймай отыр. Жазиралы өлкедегі ерекше өсімдіктерді сақтап қала алмасақ, болашақ ұрпақ Грейг қызғалдағын тек теледидардан көріп, кітаптан ғана оқитын болады дейді мамандар. 

Айнұр Ақбаева, тілші:
Шұбайқызыл шоқысы грейг қызғалдағының ең көп өсетін жері саналады. Қызыл кітапқа енген гүлдің бұл түрі жылдан жылға сиреп барады. Мамандардың айтуынша, бір қызғалдақты жұлса жетіден он жылға дейін өспей қалады.

Әлемде өте сирек кездесетін Грейг, Кауфман атты жауһазындар әр көктем сайын осы жерде гүл ашады. Бұл төбешік алыстан қызарып тұратындықтан жергілікті халық «Қызыл төбе» деп те атап кеткен. Экологтардың айтуынша, жылдың осы мезгілінде гүл ашатын өсімдіктер жыл өткен сайын сиреп барады. Мәселен осы өңірдің тумасы Рүстем Егембердиев Шұбайқызыл шоқысындағы қызғалдақтың көлемін былтырғымен салыстыруға да келмейді дейді.

Рүстем Егембердиев, экскурсия жетекішісі:
Біздің халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігі де бар. Шетелдік туристермен жүргенде олар табиғатқа зиянын тигізбейді. Мәдениеттері өте жоғары. Олар суретке түсіп, тарихын тыңдап қызықты. Сол кезде біздің тұрғындар пикник жасап отырды. Алашаларын төсеп, тамақ ішіп. Самауырын тасып жүргендерді де көрдік.

Табиғат қорғаушылардың айтуынша, жауқазындардың жылдан жылға сиреп кетуіне табиғаттың өзгеруі де әсер етпей қоймайды.

Ұласбек Кенбаев, «Сайрам-Өгем» ҰТП Түлкібас филиалының директоры:
Биылғы жылы грейг қызғалдақтары бойлары қысқа, сирек болып шыққан. Одан соң гүл ашуы да өте нашарлау. Бұның барлығы жауын-шашынның болмауы, табиғаттың әсеріне байланысты деп есептеп отырмыз. Мұны алдағы уақытта «Сайрам –Өгем» ҰТП-де ғылым бөлімі бар. Ол кісілер келіп, осы жердің топырағын, гүлдерін тексеріп, сараптама жасайды.

Жалпы қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлғандар заң жүзінде қатаң жазаланады. 9 млн теңге көлемінде айыппұл төлейді немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Алайда мұны халық дұрыс түсіне бермейді дейді экологтар.

Ғани Назарбек, «Сырдария-Түркістан» өңірлік мемлекеттік паркінің ғылыми қызметкері:
Бір қызғалдаққа бола 9 млн-нан көп айыппұл төлейміз ба немесе үш жылға дейін соттап жіберуге бола ма адамды гүлге бола деп. Оны ғалымдар бекерден бекер қызыл кітапқа енгізбеген. Ол сирек кездесетін және құрып кету қаупі төніп тұрған болып саналады. Сол себепті біз мұндай байлығымызды болашақ ұрпаққа сақтап қалуымыз қажет.

Биылдан бастап қызғалдақ көп өсетін Шұбайқызыл шоқысы алғаш рет «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің құрамына енді. Түлкібас ауданы әкімдігінің атсалысуымен 61 гектар жер енді арнайы инспекторлардың бақылауына алынды. Сондай-ақ, табиғат жанашырлары дала жақұтына айналған жауқазындар өсетін оңтүстіктегі басқа да жерлер мемлекет қарауына алынса дейді.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу