БҰҰ Бас хатшысы Путинмен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ Бас хатшысы Путинмен кездесті

27.04.2022

Ресейдің монополист компаниясы «Газпром» бүгіннен бастап Болгария мен Польшаға газ беруді тоқтататынын мәлімдеді.

Мұндай ескертуді София ресми түрде алғанын хабарлады. Мәскеу көгілдір отынның ақысын рубльмен төлемегені үшін бұл мемлекетке газ экспортын доғарып отыр. Алайда, Болгария қазіргі келісім шарт бойынша барлық міндеттемелерін орындап отырғанын айтады.

Сейсенбі күн Ресей Польшаға да газ жеткізуді тоқтатты. Өйткені, Варшава да отынның құнын рубльмен өтемеген. Поляк үкіметі болса, Мәскеудің бұл шешіміне ел экономикасының дайын екенін хабарлады.

Матеуш Моравецкий, Польша премьер-министрі:

Бізге Ресей Федерациясынан, «Газпромнан» ескерту келді. Ол төлем әдісімен байланысты. Бірақ, Польша келісімдерді орындап отыр. Бәлкім Ресей Польшаны жазалағысы келген шығар. Мен талай рет атап өткенімдей, Польша газ жеткізуді әртараптандыруға және әртүрлі бағыттардан отын алуға бұрыннан дайын. Тіпті Балтық газ құбыры іске қосылмай тұрып-ақ, біз экономикамызды Ресейдің осындай қадамдарынан қорғай аламыз.

Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Мәскеуде президент Владимир Путинмен кездесті. Келіссөздер барысында Антониу Гутерриш Украинаға әскер кіргізудің халықаралық заңдарға қайшы екенін айтып, Мариуполь мен оның «Азовсталь» зауытынан адамдарды көшіру үшін гуманитарлық дәліз ұйымдастыруды ұсынды. Кремль басшысы болса, ондай жолдың ашық тұрғанын мәлімдеген. Тағы бір сөзінде Путин Киевпен бейбіт келіссөздердің видеоформатта өтіп жатқанын және дипломатиялық ресурстардың әлі таусылмағанын да атап өтті.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу