Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында мәслихаттардың мәртебесін көтеруді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында мәслихаттардың мәртебесін көтеруді тапсырды

26.04.2022

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында мәслихаттардың мәртебесін көтеруді тапсырды. Әзірге сол мәртебені көтеру «Облыс және республикалық маңызы бар мегаполистер әкімдерін жанама сайлау» арқылы ғана көрініс табады. Дегенмен бұл билікті әртараптандырудың алғашқы баспалдағы деп есептейді қостанайлық қоғам белсенділері.

Батырбек Ахметов кеңес кезінде де, тәуелсіздік жылдары да басшылық қызмет атқарған. Кеңес заманында басшыны тағайындаудан бастап барлық маңызды шешімдер орталықтан қабылданды. «Тәуелсіздік жылдары күшті Президенттік биліктің қалыптасуы жас мемлекеттің іргесін нығайту үшін қажет болды» дейді еңбек ардагері. Бүгінде ауыл әкімдерін халық тікелей сайлайды. Алда аудан басшыларын да тұрғындар таңдауына беру міндеті тұр. Ал облыс әкімін жанама сайлау – жергілікті басқару жүйесінің ықпалын күшейте түседі.

Батырбек Ахметов, Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Мынау енді депутаттарға беріліп отырған билік, мүмкіндік бар екі адамның бірін таңдауға. Бұл енді басталып жатқан шаруа. Еліміз осы бағытта алға жылжып, демократияға қарай жылжи береді ғой деп ойлаймын.

Қырмызы Жаңбыршина облыстық мәлихаттағы 33 депутаттың бірі. Бюджет және өңір экономикасын дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі. Ол мәслихаттардың мәртебесінің артуы халық пен биліктің арасын жақындата түседі деп есептейді. Ал мәслихат жұмысының ашық, жариялы жүргізілуі депутаттардың тәуелсіз, батыл әрекет етуіне жол ашады.

Қырмызы Жаңбыршина, Облыстық мәслихат депутаты:
Онлайн форматта өтеді ғой сессиялар, комиссиялар. Ол жерде қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері қатысатындықтан бәрі ашық. Сондықтан қоятын сұрақты қойып, айтатын пікірімізді айтамыз. Басты мақсат – елдің, халықтың пікірін қорғай білуіміз керек.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

«Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуы тиіс. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет». Президент өз жолдауында осылай деген болатын. Бұл уәжге сүйенсек депуттардың мәртебесін өсіру облысқа әкім таңдаумен шектелмеуі тиіс. Оларға тағы қандай құзірет беріледі? Бұл сауалдың жауабы келешектің еншісінде.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу