Петропавлдағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернаты 1 сыныпқа оқушы қабылдауды тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлдағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернаты 1 сыныпқа оқушы қабылдауды тоқтатты

25.04.2022

Петропавлдағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернаты 1 сыныпқа оқушы қабылдауды тоқтатты. Бұған қала тұрғындары наразылық білдіріп отыр. Себебі облыс орталығындағы қазақ мектептерінің басым бөлігінде орын тапшы. Аталған білім ошағында бірнеше шағын ауданда тұратын балалар оқиды.

Дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты «облыстық» мәртебесі бар, қазақ тілінде оқытатын жалғыз білім ошағы. 400 орынға шақталған интернатта 500 шәкірт білім алып жүр. «Бастауыш жабылады» дегенді естіген ата-аналар бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Солардың бірі - Үміт Сарыбаева. Балалары оқыған мектепте енді немерелері білім алып жүргенін айтады.

Үміт Сарыбаева, зейнеткер:

Ол туралы ата-аналарға ерте айтылған жоқ. Бұл туралы ешқандай жұмыс жүргізілген жоқ. Сондықтан да ата-аналардың наразылығы туып отыр. Жергілікті жерден қолдау таппасақ, біз әрі қарай көмек сұраймыз деген ойдамыз.

Анар Ахметова, оқушының анасы:

Мен өз баламды осы мектепке берем деп, алдын-ала, былтырғы жылдан бастап дайындадым. Ал қазір сәуір айынан бастап, «Сакура» сайтында қабылдау болып жатыр. Соны жаңа ғана, осы бір айдың ішінде ғана хабарлама берді бізге, осы мектеп жабылады деген. Балаларымыз қайда барады қазір?

Балаларға басқа білім ошақтарына бару ұсынылды. Алайда олар алыста орналасқан, дейді ата-аналар. Бұл маңда бірнеше шағын аудан тұрғындарына арналған 2 мектеп қана жұмыс істеп тұр. Салынып жатқан үйлер көп.

Алмагүл Оспанова, Білім басқармасының бас маманы:

Мамандандарылған мектептерге 5-7 сыныптардан қабылдау жүргізілсін деген жаңа заң шықты. Сол заңмен бекітілген ереже бар. Соған сәйкес осы мектептер енді өздерінің жарғыларын да жөндейді.

Мектеп директоры заңға қайшы әрекет ете алмайтынын айтып отыр. Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап 1-ші сыныпқа бала қабылдауды тоқтатпақ. Ал қазіргі бастауыш сыныптар таратылмайды, дейді.

Ержанат Бәкіров, мектеп директоры:

Дарындылық тек қана 7 сыныптан ғана байқалады. Сондықтан көп мамандандырылған мектеп ұйымдарында қабылдау тек 7 сыныптардан ғана жүреді. Назарбаев Зияткерлік мектебі болсын, Білім-инновация лицейлері болсын, бұл басқа да маманедандырылған мектеп-интернаттары болсын, олар 7 сыныптан ғана қабылдайды.

Петропавлда жұмыс істеп тұрған 40 мектептің 8-і ғана мемлекеттік тілде оқытады. 9-ы аралас болса, қалғаны орыс тілінде білім береді.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу