Ұлттық экономика министрлігі: Ауылдарды дамытуға 206 млрд теңге бөлінген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық экономика министрлігі: Ауылдарды дамытуға 206 млрд теңге бөлінген

25.04.2022

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы қашан жақсарады? Жергілікті билік неліктен сапаға емес, санға көбірек көңіл бөледі? Бұл мәселелер бүгін Мәжілістің жалпы отырысында талқыланды. Ұлттық экономика министрі «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар жайлы баяндады.

Берік Көшербай, тілші:

Ауылдарды гүлдендіру бағытындағы біраз жұмыс «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында істеліп жатыр. Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңартып, жаңа өңірлік стандарттар параметрлеріне жеткізу. Бір сөзбен айтқанда, ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту. Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, соңғы 3 жылда «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасына 206 млрд теңге бөлініп, 2,5 мыңнан астам жоба жүзеге асты. Алайда, депутаттар саннан бұрын сапаға көңіл аудару қажет екенін еске салды. Себебі, кейбір өңірде жергілікті билік жоғары жаққа жақсы жұмыс істеп жатқанын көрсету үшін көп жобаны жүзеге асыруды әдетке айналдырған. Жолды жөндеп, балалар ойнайтын алаң ашудан аса алмаған әкімдер аз емес. Ал ауыз су, медицина, интернет, жұмыссыздық, тіпті жайылымдық проблемалары шешілмей тұр. Қала мен ауылдың арасындағы алшақтық білімнен-ақ байқалады.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ауыл балалары физика, химия, биологияны заманауи зертханаларда оқымайтын болса, нано және био технологияны ауыл баласы білмейтін болса, емін-еркін спорт үйірмесінде шынықпаса, жалпы ауыл баласының өмірдегі бәсекеге қабылеттілігі туралы айтуымыз екі талай. Сондықтан білім теңсіздігі қазір өте өзекті мәселе.

Ал Ұлттық экономика министрлігі, өңірлік стандарттар параметрлерін жаңаратынын жеткізді. Бұл ретте депутаттар осы стандарттардың да сан алуан түрі бар болғанын сынға алды. Ауылды болашағы бар және болашағы жоқ, шекаралық аймақтағы, тірек ауылы деп бөлуде де сұрақ көп екенін айтты. Шалғайдағы елді-мекендердің өзекті проблемаларын тағы бір көтере отырып, олардың қайсысын бірінші кезекте шешуді анықтау қажет екенін талап етті.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу