Украинадағы әскери жанжалдың басталғанына тура 2 ай болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы әскери жанжалдың басталғанына тура 2 ай болды

24.04.2022

Бүгін Украинадағы әскери жанжалдың басталғанына тура 2 ай болды. Қарулы қақтығыстар қазір Донбасс үшін шайқасқа ұласып отыр. Осы аптада Ресей армиясы бұл аймақта ондаған ауылды алғанымен, үлкен қарсылыққа тап болды. Ал, Кремль басшысы Мариупольдің «Азовсталь» зауытын штурммен алмауға бұйрық берді. Бірақ, соған қарамастан, өнеркәсіп кешеніне шабуыл сенбі күні қайта жалғасқан. Зеленский болса, зауытқа бекінген мыңдаған жауынгері қырылса, Мәскеумен бейбітшілік жайлы келіссөздерді мүлдем тоқтатпақ. Және де Украина лидері Киевке АҚШ-тан жоғары лауазымды өкілдер келетінін және олардан тағы да қару сұрайтынын мәлімдеп отыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Сегіз апта болды, Украина 20-шы ғасырдың жан түршіктірер сұмдықтарын қайта бастан кешіріп жатыр. Мыңдаған адам қаза тауып, миллиондағаны босқындық кебін киіп, талай қала жермен-жексен болды.

Тіпті перзентханалар да бомбаланып, театрдың астына жасырынған жүздеген бейбіт тұрғын мерт болды. Қалалар қоршалды, жер-жерде ортақ қабірлер табылып жатыр, ал бейбіт келіссөздерден әлі нәтиже жоқ.

Дегенмен, Киев күйремеді, үкімет құламады. Украина күштері қорғанысымен, президент Владимир Зеленский ғажап басшылық қасиетімен әлемді аң-таң етіп отыр.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:
"Бұл – менің қастандық әрекеттері туралы сауалдарға жауабым. Олардан қорықпаймын. Бірақ, қауіпсіздік қызметім, отбасым үшін алаңдаймын. Ашығы - осы."

Қазір шығыста шайқас күшейіп келеді. Украина қарсыласының мелесін қайтара ала ма, ал Батыс державалары әскери қолдауды әрі қарай жалғастыра ма? Әлде уақыт пен қажу, қару мен оқ-дәрінің түгесілуі өз дегенін істей ме? Бір анығы – бүгін бұл жанжалға екі ай, бірақ көбі әлі алда тұруы мүмкін.

Осы 60 күнде дүние назарынан түспеген бір қала – Мариуполь. Оның «Азовсталь» зауытына бекінген украиналық 2 мыңдай жауынгер қаруын тастамай отыр. Мұнда мың шақты бейбіт тұрғын тағы бар. Ал, Ресей президенті 11 шаршы шақырым аумақты иеленген зауытты штурммен алудан бас тартты.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
"Мен бұл индустриалдық аймақты басып алуды қажетсіз деп санаймын. Оны шыбын өтпестей етіп жауып тастаңыз".

Кейбір бақылаушылардың пікірінше, Кремль басшысы шығыстағы операцияларға қажет болуы мүмкін жауынгерлерін жоғалтпау үшін «Азовстальді» күшпен алуды қолдамады.

Дегенмен, бүгін түскен ақпаратқа жүгінсек, Ресей армиясы зауытты шабуылдауға қайта кіріскен. Ал, Зеленский өнеркәсіп кешеніндегі сарбаздары қырылатын болса, Ресеймен арадағы бейбіт келіссөздердің мүлде тоқтайтынын ескертіп отыр.

90 пайызы қираған Мариупольден қазір 100 мыңдай адам шыға алмай жатыр. Өйткен, бомбалау операциялары жалғасып жатқандықтан, үдере көшу қауіпті.

Тағы бір айта кететін жайт, Мәскеу бірер күн бұрын Украинадағы мақсатының өзгергенін жариялады. Жаңа жоспарға сәйкес, Ресей көрші елдің Донбассын ғана емес, оңтүстігін де алуды көздеп отыр.

Александр Мотузянк, Украина қорғаныс министрлігінің өкілі:
"Ресей шығыс операциялық аймағын шабуылдауды жалғастырып, Донецк және Луганск облыстарына толық бақылау орнатып, Қырыммен арада құрлықтық дәліз ашуға әрекеттеніп жатыр».

Киев метросында үш сағат бойы журналистермен сұқбаттасқан Зеленскийдің мәлімдеуінше, бүгін АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен қорғаныс министрі Ллойд Остин Украина астанасына барады. Президент олардан тағы қару сұрауға ниетті. Вашингтон әзірге бұл сапарларды растамай отыр. Ал, Одессада тұрғын үйге зымыранмен шабуыл жасалып, кем дегенде сегіз адам қаза тапты. Құрбандардың ішінде үш-айлық сәби де бар. Сонымен қатар, Луганкс облысы мен Харковьта да Ресей әуе күштері мен зымырандарының соққысынан 10 шақты адам қаза тапты.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу