Былтыр елде 31 мыңнан астам адам қаржы пирамидасының құрбаны болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр елде 31 мыңнан астам адам қаржы пирамидасының құрбаны болған

21.04.2022

Қаржы пирамидасын насихаттап, жарнамалағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылу керек. Бұл туралы еліміздегі парламентаризим институтының өкілдері мәлімдеді. Олардың ұсынысын Мәжіліс депутаттары да қолдап отыр. Өйткені, алаяқтарға алданып, қолындағы ақшасынан, дүние-мүлкінен айырылып жатқандар көбейген. Осы салада тәртіп орнату жолдары бүгін Елордада талқыланды.

Былтыр елде 31 мыңнан астам адам қаржы пирамидасының құрбаны болған. «Тез әрі оңай баюға» асыққандар 54 млрд теңге жоғалтты. Қазірдің өзінде полицияда 65 қылмыстық іс тергелуде. Мыңдаған адам ақшасын қайтара алмай, соттың табалдырығын тоздырып жүр. Мамандар, алаяқтарға ең жиі алданатын адамдардың криминологиялық портретін де жасап қойған.

Орын Тұрлыбаев, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеушісі:

Осы қаржы пирамидаларынң құрбандары көбісі 31-ден 60 жасқа дейінгі азаматтар. Олардың 74 пайызында жұмыс орны бар, 62 пайызында жоғарғы білім бар.

Қаржы пирамидаларын насихаттап, жарнамалайтын адам қандай болатыны да белгілі. Көбінде өнер адамдары, вайнерлер мен әлеуеметтік желінің жұлдыздары. Танымал тұлғалар талай адамды табысты болуға иландырып, сол үшін ақша алып жүр. Олардың соңынан еріп, сөзіне сеніп алданып қалғандар аз емес.

Мансұрхан Махамбетов, Парламентаризм институтының директоры:

Қаржы пирамидасы дегенде сол пирамиданы құрған, басқарған, қылмыстық топ құрғандардың жауапкершілігін шеше аламыз. Ал вайнер мен жарнама жасайтындарға келгенде, қылмыстық кодекстің тиісті нормалары жоқ болып отыр.

Қазір қаржы пирамидасына жарнама жасағандар әкімшілік жауапкершілікке қана тартылады. Мамандар, тек айыппұлмен ғана шектелмей, қылмыстық жаза кесуді ұсынады. Оны Парламент депутаттары да қолдап отыр.

Юрий Ли, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Бірнеше заңға түзету енгізу керек. Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексін, Қылмыстық кодексті және Жарнама туралы заңды өзгерту қажет. Басты мақсат – тұрғындарды қаржы өнімдерінің жалған жарнамасынан қорғау. Қаржы пирамидасын жарнамалағандарға қылмыстық жауапкершілік белгілеу керек.

Егер ұсыныс жүзеге асса ақшаға құныққан талай танымалға тұсау болары сөзсіз. Ал дәл осы тақырып талқыланған ғимарат алдында еңселі ескерткіш тұр. Сірә Абай да оларға «Пайда ойлама, ар ойла» деп тұрғандай.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу