Елімізде 10 сотық жер теліміне 1 млн 300 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Заң бойынша жер телімі жеке тұрғын үй салуға тегін беріледі. Осы айдың басында электронды Үкімет арқылы онлайн кезекке тұру ресми түрде іске қосылды.
Жеке тұрғын үй құрылысына арналған 10 сотық жерді 18 жасқа толған Қазақстанның кез келген азаматы ала алады. Инфрақұрылымы бар жер телімін жергілікті әкімдіктер береді. Яғни, ол жерде жарығы, суы, әлеуметтік нысандары болуы тиіс. Бұл ретте қаланың немесе елді мекеннің бас жоспары міндетті түрде ескеріледі.
Дәулет Бижанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы:
Беріліп жатқан жер учаскесі Жер кодексінің 92-бабына сәйкес, 3 жылға жалға беріледі. Ол жер игерілмейінше жеке меншікке өтпейді.Сондықтан оны басқа азаматқа беру, сатып жіберу мүмкін емес. Игерілмеген жағдайда жергілікті әкімдіктерде жер инспекциялары бар. Олар 94-бабқа сәйкес, сотқа талап-арыз беру арқылы алып қоя алады.
Жер алған азамат баспана кезегінен шығып қалуы мүмкін
10 сотық жер алған адам әлеуметтік көмектен қағылмайды. Оның көлеміне де әсер етпейді. Мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік көмек адам басына шаққандағы табысқа байланысты беріледі. Бұл екеуі екі түрлі дүние. Бірақ, жер алған азаматтың баспана кезегінен шығып қалуы мүмкін.
Серік Ақылбай «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы:
Үйді салып біткеннен кейін, тіркелгеннен кейін барып акті береді. Содан кейін ғана барып оның құқығы пайда болады. Жер қатынастары туралы заңның 73-бабы, 4-бөлімінде көрсетілген. Тіркелген болса кезектен алып тастайды.
1 млн 300 мыңнан астам азамат кезекте тұр
10 сотық жер шет ел азматтарына берілмейді. Сонымен қатар, осыған дейін мемлекеттен тегін жер учаскесін алғандар екінші мәрте жер алмайды. Бұл ретте өзара келісім арқылы меншікке өткен, сыйға тартылған, сатып алынған және мұрагерлікке қалған жерлер есептелмейді
Бүгінгі таңда еліміз бойынша жер кезегінде 1 млн 312 мыңнан астам азамат тұр. 2015 жылдан бері 112 мыңнан астам адам жер алған. Бірақ, 5 мыңнан астам учаске игерілмеген. Соңғы 7 жылда жер телімін беру бойынша Ақтөбе облысы көш бастап тұр. Аймақта 52 мыңнан астам адам жер алған. Ал ең төмен көрсеткіш Қостанай облысында. Мұнда берілген жер учаскесі 2 жарым мыңнан сәл ғана асады. Өткен жылы республика бойынша 18 625 адам 10 сотық жер алған. Жер учаскесін алуға онлайн өтініш қабылдау жақында іске қосылды. Egov порталында шектеу жоқ. Кейбір аймақтарда кезекті өзектендіруге қатысты шектеулер болуы мүмкін. Ал осыған дейін жазбаша өтініш қалдырғандардың кезегі өзгеріссіз қалады.
Egov.kz порталында шектеу жоқ
Дәулет Бижанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы:
ҚР электрондық порталы арқылы әр азамат жеке кабинетіне кіру арқылы, өзінің цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып кез келген елді-мекенді таңдап, кезекке тұра алады. Ешқандай тұрғылықты мекен-жай туралы анықтама, басқа да құжат қажет емес.
Дарын Сағитов, тілші:
Бас қаланың өзінде қазір жер кезегінде 170 мыңнан астам азамат тұр. Оларға инфрақұрылымы бар аумақтардан жер телімі кезең-кезеңмен берілетін болады. Ал Алматының бас жоспарына сәйкес, 2003-жылдан бері азаматтарға 10 сотық жер берілмейді.
Дарын Сағитов