Басты Жаңалықтар Ақмола облысында диқандар алқапқа ылғал жауып жатыр

Ақмола облысында диқандар алқапқа ылғал жауып жатыр

Ақмола облысында көктемгі егіс науқанына дайындық қыза түсті. Қазір өңір диқандары алқаптарға ылғал жауып жатыр. Биыл аймақта 5 миллионнан астам гектар аумаққа дән себіледі. Игерілмей жатқан жерлерді айналымға енгізудің арқасында егіс алқабы 57 мың гектарға ұлғайды.

Оншақты күннен бері облыстың 9 ауданында диқандар алқапқа ылғал жауып жатыр. Қалған аудандар бірер күнде іске кіріседі. Себебі қар қалың болып, алқаптар енді ғана кепкен. "Ұмай-Жер" серіктестігі биыл 8 жарым мың гектар жерге дән сеппек.

Райымбек Қалиев "Ұмай-жер" серіктестігінің бригадирі:
Мехобработка болады, содан кейін ылғал жауып жатырмыз қазір. Ылғал жабуды 7-інші апрель бастадық, енді, міне, бітуге жақын қалды. Бір 2-3 күнде бітіреміз.

Алдағы науқанға техникалар дайын. Ақауы бары түгел жөнделген. Егін салуға облыс бойынша барлығы 14 мыңнан астам техника жұмылдырылмақ. Ақмола облысына жеңілдетілген бағамен 72 мың тонна жанар-жағармай қарастырылған. Өткен айда оның 20 мың тоннасы аудандарға жеткізілді. Қалғаны алдағы екі айда берілмек. Қиындықтарға қарамастан биыл тұқымнан тапшылық жоқ , - дейді мамандар.

Еркеш Әленов, Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
530 мың тонна былтыр күзде тұқым дайындалған болатын. Қазір таңда лабораторияларға 450 мың тоннасы өткізіліп, қазір 1-інші, 2-інші класстағы тұқым болып шығып жатыр қазіргі жағдайда. 33 хозяйство бар тұқым сататын. Ол хозяйстволарда 50 мың тонна 1-інші, 2-інші, элита тұқымдары қазір сатылуда. Тұқым мәселесі облыс бойынша шешілген.

Ақмолалық диқандар егіс науқанын 10-ыншы мамырға қарай бастап, 20 күнде аяқтауды жоспарлап отыр. Ол үшін тәулігіне 255 мың гектарға дән себу қажет.

Ермек Елберген 

Бөлісу