Мариупольдің басым бөлігін Ресей әскері басып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мариупольдің басым бөлігін Ресей әскері басып алды

17.04.2022

Енді Украинадағы ахуалға тоқталсақ. Қоршаудағы Мариуполь құлауға жақын. Мәскеу бұл қаланы алса, Азов теңізі жағалауында Ресей мен Қырым арасында құрлық жолы ашылады.Соңғы күндері Ресей армиясы Донбассқа шоғырланып жатқаны белгілі. Өңірде қиянкескі ұрыс басталуы мүмкін. Сондықтан АҚШ пен оның одақтастары Киевке әскери көмек беруді күшейтті. Ал Мәскеу бүгін Батыс елдерінің қару-жарағын тиеген украиналық әскери ұшақты атып түсіргенін мәлімдеді. Халықаралық шолушының бейнематериалы.  

Мариупольдің басым бөлігін Ресей әскері басып алды. Бір ғана нысан – «Азовсталь» металлургия зауыты украиналықтардың бақылауында. Мұнда шамамен 2500 сарбаз жасырынған. Ресей оларға өз еркімен қару тастауды ұсынды. Сонда ғана сарбаздардың өмірін сақтап қалуға уәде берді. Бұған дейін қаланы қорғап жатқан жаяу теңіз әскерінің бірнеше қызметкері тұтқынға түсті. Наурыздың басынан бері қоршауда отырған қала түгелдей дерлік қирады.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Мариупольдағы жағдай күрделі. Әскеріміз қоршауда қалды. Тұрғындар гуманитарлық дағдарысқа душар болды. Адамдарды құтқару үшін шешім іздемеген бірде-бір күн болмады. Бірақ таба алмадық.

Президент Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, ақпанның 24-нен бері ұрыста 2500-3000 украиналық сарбаз қаза тауып, 10 мыңнан астамы жараланды. Ресей болса, құрбандар туралы екі апта бұрын келтірген дерегін жаңартпай отыр. Осы аптада Ресей күштері Украинаның Киев облысында әуе соққыларын қайта үдете түсті. Киев, Львов пен Харковь қалаларында жарылыс болды.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі:

Киев режимі Ресей аумағына кез-келген сипаттағы шабуыл жасаса, біз Киевтегі нысандарға соққы беруді күшейтеміз.

Шабуыл бейсенбіде Ресейдің «Москва» крейсері өртеніп, суға батқаннан кейін қайта күшейді. Алып соғыс кемесінің апатқа ұшырауына не себеп болды? Бұл сауалға нақты жауап жоқ. Кеме бортында болған адам саны шамамен 500 бен 700 аралығында. Ресей экипажды түгелдей эвакуацияладық деді. Десе де, кейбір басылымдар бұған күмән келтіреді.

Жалпы, Ресей әскері басып кіргелі Украинада әуе соққылары мен артиллерия оғынан 1982 бейбіт тұрғын қаза тапқан. 2651 адам жараланды. 4 млн 800 мыңға жуық украиналық елін тастап кеткен. Бұл - БҰҰ-ның ресми дерегі.

Әскери қақтығыс құрбандарының саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені азат етілген қалаларда бейбіт тұрғындардың денелері табылып жатыр.

Украинадағы жағдай әлем экономикасына инфляция қаупін төндіріп тұр. Халықаралық валюта қорының есебінше, қарулы қақтығыс 143 елдің экономикасын әлсіреткен.

Ғаламдық нарыққа энергетикалық шикізат пен бидай жеткізу жүйесі бұзылды. Осының салдарынан, бірқатар елде азық-түлік тапшылығы байқалып отыр. 


Хабарламаларға жазылу