Петропавлда айып тұрағы өртеніп, 6 көлік жанып кетті. Тағы 4-уіне айтарлықтай зақым келген. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал көлік иелері өрттен келген шығынды кімнен талап етерін білмейді.
Қамыстан шыққан өрт автотұраққа жетті. Бүгін нысанның алдына жиналған көлік иелері есікті ашуды талап еткенімен, қалалық әкімдік өкілдері көпшіліктің талабын орындамады. Өйткені тергеушілер бөгде адамдарға ішке кіруге тыйым салған.
Арнайы айып тұрағы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қарамағында. Қазір нысанда 500-ге жуық түрлі техника тұр. Солардың бірі Екатерина Лобанчукке тиесілі. Айып тұрағының есігі ашылмағандықтан, ол алып қоршаудың үстінен сығалауға мәжбүр болды.
Игорь Росинскийдің де жылжымайтын мүлкі тәркіленіп, айып тұрағына қойылған. Контрабанда фактісі бойынша қылмыстық іске заттай айғақ ретінде тіркелген. Аталған іс бойынша айып тұрағында жүздеген көлік тұр.
Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:
Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатқан аумақ болғандықтан тұраққа кіруге тыйым салынған. Өрттен келген шығын көлемі есептелген жоқ. Оны кім өтейтінін сот шешеді.
Қазір өңірдің өрт сөндірушілері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Облыста соңғы тәулікте 60 гектар жер жанып кеткен.
Рамиль Камалов, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
Барлық жерде қамыс жанып жатыр. Күн жылынды, жаңбыр жоқ. Дәл қазіргі сәтте бұдан басқа 3 жерде өрт сөндірілуде. Төтенше жағдай департаментінің жеке құрамы тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Әзірге басқа өңірлерлерден көмек шақырту қажеттігі туындаған жоқ.
Бір күнде 101 қызметіне 46 шақырту түскен. Солардың бірі Былғары зауыты ауданында тіркелді. Қамыстан шыққан өрттен тұрғын үй жанып кетті. Адам шығыны тіркелген жоқ. Оқыс оқиға кезінде иелері үйінде болмаған.
Эльмира Кәленова, тілші:
Айналаның бәрі көк түтін. От шеттегі үйлерге дейін күйген. Қазір мына жерде тыныс алу мүмкін емес. Облыста соңғы екі аптада 250 қамыс өрті тіркелді. Бірақ айыптылар табылған жоқ. Өрт қауіпсіздігін сақтамаған 30-дан астам адамға айыппұл салынды.
Эльмира Кәленова