Елімізде мемлекеттік органдардың тиімділігі артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде мемлекеттік органдардың тиімділігі артады

15.04.2022

Облыстарды айтпай-ақ, тек мемлекеттің орталық аппаратын қағазбен қамтуға 7 млрд теңге жұмсалады. Еш кеткен есіл ақша әрине. Бұл бюрократияның бір кемшілігі. Одан басқа да жылдар бойы қалыптасып қалған жағдайды бір жарлықпен реттеудің жөні туды. Бюрократиядан арылуды Президент әкімшілігі өзінен бастайды. Ондағы барлық тапсырмаға толық тексеру жүргізіліп, ішкі жұмыс барысы қайта қаралады.

Бюрократиядан бүкіл мемлекеттік жүйе мезі болған. Күттіру мен жүгіртуді құзырлы органдар әдетке айналдырған. Ал, оған жұртшылық еті өліп кеткен.

Берік Беркімбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

16 мыңға жуық қызмет алуға келген азаматтардың өтініші бойынша негізсіз уақытын созып, әуре-сарсаңға салған фактілері анықталып отыр. Осыған қосатын тағы бір мәселе ол – артық заңда көрсетілмеген құжаттарды сұратады біздің мемлекеттік мекемелер. Қолдан кедергі жасап отырған фактілер 3 жылда 130 мыңға жетті.

Бұрынғыдай құжат тасып, талай органның табалдырығын тоздыру артта қалады. Президенттің бір жарлығы жылдар бойғы сіресіп қалған сеңді бұзды. Енді, жалғыз жеке куәлікпен ғана жүресіз. Қалған құжат «Smart Data Ukimet» жүйесінде қатталады. Тоқ етері, мемлекеттік базаларда болуы тиіс ақпараттарды азаматтардан немесе бизнестен талап ете алмайды.

Бекболат Молдабеков, ҚР Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары:

Енді екі-үш мемлекеттік органдарға мен жүгірмеймін, очередте тұрмаймын. Банк мен үшін ақпаратты жинайды. Сосын шешім қабылдайтын кезде ғана келіп, қолымды қойып кетемін. Сол үшін жасалады. Ол негізі үлкен ІТ дәреже деп санаймын.

Қазір мемлекеттік қызметтер тізімі сұрыпталып жатыр. Артығы алынып, кемі толықтырылады. Сосын мемлекеттік органдар «аққу, шортан Һәм шаян» тірлігін сап тияды. Барлығы бір арнаға тоғысады. Яғни, интеграцияланады. Тағы бір елеулі өзгеріс E-mail поштасы құжат алмасудың ресми құралына айналады. Демек, бірте-бірте қағаз жойылады. Әйтпесе, ол қып-қызыл шығын. Қазір тек орталық аппаратты қағазбен қамтуға 7 млрд теңге қаржы кетеді.

Айгүл Шайымова, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары:

Бірінші – норматив аясында қағазбен жұмыс істеуден бас тарту. Бұл аталған бизнес процесті айтарлықтай оңтайландырады. Өйткені, ол қағазды басып шығарудан бөлек әрбір құжаттың парағын салыстырып тексеруді талап етеді. Соған орай құжатты рәсімдеуге біршама жұмыс уақыты жұмсалады.

Айтпақшы, Қазақстан ресейлік «СБЕР» платформасынан бас тартты. Ақпараттық жүйе отандық ІТ-компаниялардың күшімен жасалады. Қазір техникалық-экономикалық сараптама жасалып жатыр. Жыл аяғына дейін алғашқы сервистер дайын болады. Жобаға 3 жылдың ішінде көшу жоспарланған.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу