Бұдан былай мемлекеттік мекемелерде шешімдер екі есе жылдам қабылданады. Әрі бірінші басшылардың құзыреті артып, дербестігі нығаяды. Соған сәйкес жауапкершілігі де көбейеді. Құжат айналымы, есеп беру деген мейілінше қысқарады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюрократиядан арылу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Қазақ қоғамы қағазбастылық деген қолбайлаудан қашан арылады?
Мемлекеттік қызметтің ең үлкен кемшілігі - бюрократия. Қағазбастылық, жауапкершіліктен жалтару, жайбасарлық. Бұл факторлар мемлекет қолға алған бастамалардың жүзеге асуына тұсау. Қаражат мемлекеттік мекемелердің кабинетін аралап, жетер жеріне жетем дегенше сан түрлі өткелден өтеді.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Мысал ретінде айтатын болсақ Жамбыл облысындағы бір ауылдың суын шешу үшін астанадан шешім керек. Ал ол жарайды ауылдың әлі келмес, аудандық мәслихаттың, әкімдіктің шешетін мәселесі.
Сарапшылар пікірінше мемлекет меншігін жекешелендіру ісін де тездету керек. Қазір ішкі жалпы өнімнің 55 пайызы ұлттық компаниялар еншісінде. Бұл өте көп. Дамыған елдерде бұл сан 10-15 пайыздан аспайды. Үлкен мекемелер жеке басқаруға өтсе, оның тиімділігі артып, бюрократиялық кедергілер азаяды.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Үлкен кәсіпорындарды жекешелендірсек ол жекешелендірілген кәсіпорындар өздері бюрократияны азайтуға әрекет жасайды. Ал мемлекеттік болса ол қайтадан сол бюрократияны көбейтуге әрекет жасайды. Себебі оның туғаны бар, құдасы бар, баласы бар, жиені бар, нағашысы бар бәріне бір компания тізіп беруі керек.
Президент жарлығының басты мәні мемлекеттік мекемелердегі қажеті жоқ, артық жұмыстарды азайту. Барлық салада жұмыс цифрлы кеңістікке өтеді. Жыл соңына дейін қағаз сатып алуға жұмсалатын қаржы да 3 есе азаяды. Ал, E-Otinish жүйесі азаматтардың арыз-тілегін қабылдайтын «бір терезеге» айналады. Құжаттарды қарау, шешім қабылдау мерзімі екі есе қысқарады. Бірінші басшылар да енді жоғарыға сілтеп қойып отыра алмайды. Шешім қабылдау бойынша олардың құзыреті кеңейеді.
Индира Рыстина, Президент жанындағы қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері:
Бүгінгі жарлықтың тағы бір ерекшелігі осы сандық жүйеде бар, қолжетімді смартдата үкімет деген платформада бар мемлекеттік органдар бір-бірінен қайта-қайта сұрай беріп, хат алмасулардың 30 пайызы осындай сұраулардың аясында ғана боп тұр. Яғни мемлекеттің арасындағы хат алмасудың азаюына да алып келеді. Сонымен қатар ондай хаттарға жауап беруге де тиым салынып отыр.
Цифрландыру, үздіксіз жетілдіру сынды 5 қағидатқа негізделген құжат ауқымды өзгерістердің жүйелі жалғасы. Дегенмен бұл қатып қалған дүние емес. Жыл сайын мемлекеттік аппаратты жетілдіру бойынша конкурс ұйымдастырылып, қажетті өзгерістер енгізіліп отырады.
Шерхан Жамбылұлы