Былтыр 31 мыңнан астам қазақстандық қаржы пирамидаларына алданып қалған. Олардың қаржылай шығыны 54 миллиард теңгеге жуықтайды. Бұл туралы бүгін ішкі істер министрлігінің өкілдері айтты. Брифингте сондай ақ атышулы Mudarabah Capital компаниясының ісі туралы мәліметтер келтірілді. Салымшылардың ақшасы қайтарыла ма? Толығырақ әріптесім Шерхан Жамбылұлының материалында.
Жарнамасы жер жарған Мудараба капитал компаниясының аспаннан ақша жаудырамыз деген арбауына кемінде 250 адам түскен. Қазіргі мәлімет бойынша осы бір ғана пирамидадан алданғандар 2 млрд теңгесінен айрылған. Бұл сома әлі де өсуі мүмкін. Басым көпшілігі астындағы жалғыз көлігі мен басындағы баспанасын сатып ақша құйған.
Айнаш Дүйсембаева, салымшы:
Біз барлығымыз квартирада тұрып жатырмыз. Ақшамызды соларға сеніп, салып. Анау блогерлер көрсетті. Небір адамдар. Барғанда ислам несімен түсіндіріп.
Қазір компания мен күдіктілердің жеке мүлкі тәркіленді. Атап айтқанда 4 жер телімі, 10 пәтер, 5 үй, 2 автокөлік және дүкенге арест қойылған. Олардан сатқаннан түскен қаржы зардап шеккендердің шығынын өтеу үшін жұмсалуы мүмкін. Алайда оны тек сот шешеді. Алаяқ мекеменің жарнамасын жүргізген белгілі вайнерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшысы:
3 блогер осы қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды, екеуіне қатысты «кепіл» түріндегі, біреуіне «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Күдіктілердің бірі тергеу органдарынан жалтарып жүр. Ол сырттай тұтқынға алынып, халықаралық іздеу жарияланды.
Мудараба капиталдың жарнамасына Мейіржан Туребаев, Мейірхан Шерниязов және Азим Саидбаев есімді блогерлер түскен. Азим Саидбаев шет елге қашып, халықаралық іздеу жарияланды. Егер де вайнерлердің тек жарнамаға ғана емес компания ісіне тікелей қатысы бар екені дәлелденсе 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы әбден мүмкін. Ал, депутаттар қаржы пирамидасын жарнамалаған адамдарға қатысты жауапкершілікті қатаңдату керек деп отыр.
Юрий Ли, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қаржы пирамидасының жарнамасына жұртқа танымал блогерлер мен вайнерлердің қатысуы ұят жағдай деп есептейміз. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері жарнама пирамидасы үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуге байланысты заң жобасын дайындады. Тиісті рәсімдерден кейін біз осы құжатқа кірісеміз.
Жалпы қазіргі таңда бұл компанияны құрды деп 14 адам күдікке ілініп отыр. Тергеу амалдары аяқталуға жақын. Одан кейін істің ақ-қарасын сот анықтайды.
Шерхан Жамбылұлы