Петропавлда алапат өрт болып, 800 саяжай учаскесі жанып кетті. Иелері эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді. Адам шығыны тіркелген жоқ. От қураған шөптен шыққан. Материалдық шығын көлемі есептелуде.
Саяжай иелері өрттен қалған заттарын түгендеп, өздері шығынды есептеуге кірісті. Олар от қайта тұтана ма деп қауіптенеді. Себебі қатты жел әлі де соғып тұр.
Светлана Докучаева, саяжай иесі:
Мына саяжайды ата-анам салған болатын. Енді ол жоқ. Үйді сол кісілердің көзіндей көретін едім. 60 жыл тұрған шаңырақ әп-сәтте жоқ болды. Осында балалық шағым өтті.
Андрей Каюнов, саяжай иесі:
Аударма Үйдің құрылысы 3 жыл бұрын ғана аяқталған болатын. Бәрі өртеніп кетті. Металлдың өзі майысып жатыр. Жанында тұрған ағаштар да жоқ. Биыл су тасқыны болмады деп қуанып едік.
Оқиға орнында 70 өрт сөндіруші 5 сағат бойы жұмыс істеді. 12 техника тартылды. Қалалық әкімдік өкілдері саяжай иелеріне өтемақы төленбейтінін айтады. Өйткені саяжай учаскелері жылжымайтын мүлік ретінде тіркелгенімен, тұрғын үй болып есептелмейді. Жанып кеткен 800 саяжайдың 60 пайызы иесіз қалған.
Рамиль Камалов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
Өрттің шығу себебі анықталуда. Алдын-ала болжам бойынша саяжай иелері қурайды жаққан. Біреудің әдейі от жағуы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығара алмаймыз. Эвакуациялық бекеттерге көмек сұрап келгендер болмады. Соған қарағанда саяжайда тұрып жатқандар жоқ.
Мамандардың айтуынша күн жылынғалы облыс көлемінде өрт оқиғалары жиілеген. 101 қызметіне соңғы 3 тәулікте 130 шақырту түсіпті.
Эльмира Кәленова