Түркістан облысы Жібек жолы ауылының тұрғындары жолдың жағдайына шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы Жібек жолы ауылының тұрғындары жолдың жағдайына шағымданды

12.04.2022

«Шұрық тесік жолдар әбден қажытты». Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылының тұрғындары осылай шағымданды. Небәрі 3 шақырымға созылатын жалғыз жолға күрделі жөндеу жасалмақ түгілі, тас та төселмепті. Ойлы-шұңқыр діттеген жеріне жеткенше жүргізушілердің де діңкесін құртады. Оның өзі жаңбыр жауса ми батпаққа айналады деген жұрт биліктен жол салып беруін талап етті.

Жібек жолы ауылындағы негізгі көшенің қазіргі жағдайы нашар. 300-ге жуық тұрғын жалғыз жолмен орталыққа қатынап, балалары мектепке барады.

Гүлназ Досалиева, Жібек жолы ауылының тұрғыны:
Жұрт несиеге көлік алады, оны төлеп болғанша көлігі есек арбадан артық болмай қалады. Темірінің бәрі сынып, бөлшек-бөлшек болып қалады. Жол жаман. Көлік кірмейді. Бұл жерде көбісі үйін тастап кетіп қалды, жетім-жесір мен жағдайы нашар отбасылар көп.
Ғазиза Қожамбердиева, Жібек жолы ауылының тұрғыны:
Такси 2-3 мың теңгеге алып кетеді. Кейбір кезде тіпті келмейді де. 3 балам мектепке барады. Жарықты да, жолды да жөндедік. Бәріміз қаржы жинап көпір салдық. Оған қашанғы қалтаң көтереді? Бар-жоғы 5 мың теңгеге жұмыс істейсің.

Ауыл тұрғандары бар тіршіліктің осы жолға қарап тұрғанын айтады. Жауын жауса батпақ, күн ысыса шаңы аспанға көтерілетін азабын қашанға дейін тартамыз деп қынжылады.

Уәли Абатов, Жібек жолы ауылының тұрғыны:
Әкімдерге жол, газ мәселесін сұрап барсақ 2 түрлі сылтау айтады. Елдімекендегі халықтың саны жетпейді, болмаса базада жоқсыңдар дейді. Ал біздің құжатымыз түгел болса қалай базада болмаймыз? Барлығы тіркелген үйлерінде тұрады.

Жергілікті билік жолдың жырын жақсы білеміз деп отыр. Тіпті оны жөндеуге 53 млн теңгеге жобалау құжаттарын жасатқан. Алайда қаражат бөлінбепті.

Асқарбек Сейтжаппаров, Жібек жолы ауылдық округінің әкімі:
Қазір біз жол бөліміне ұсындық. Бірақ қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бұл облысқа да ұсынылды. Көшеге бөлінетін қаржы тым көп. «Ауыл – ел бесігіне» де, республикалық қаржыларға да ұсындық.

Ақыры ол бағдарламаға да ілінбей қалған. Ауданның жолға жауапты мамандары оны жөндеу үшін көшеге алдымен газ кіруі керек дейді. Бірақ көгілдір отынның құбырлары 4 жыл бұрын тартылғанымен, орталық жүйеге қашан қосылатыны белгісіз. Оның нақты уақытын сала басшылары да дөп басып айта алмады.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу