Павлодарлық диқандар мемлекеттік «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясын сотқа бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық диқандар мемлекеттік «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясын сотқа бермек

12.04.2022

Павлодарлық диқандар мемлекеттік «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясын сотқа бермек. Себебі дәл осы мекеменің кесірінен шығынға батып, көктемгі егісті бастай алмай отырмыз дейді. Сергей Юсин былтырғы орақтан 500 тонна күнбағыс дақылын жинапты. Өнімді еш шашау шығармай Жолқұдық элеваторына апарып, құрғатып, тазалаттырған. Арнайы қоймаға салдырған. Өзіне қойылған талаптың бәрін орындапты. «Бірақ мемлекеттік кәсіпорын өнімнің ақшасын аударуға асығар емес», – дейді ол. Екіжақты уағдаласқан заңды құжатта былтырғы 1 желтоқсанға дейін есеп айырысу міндеттелген.

Сергей Юсин, шаруа қожалығының басшысы:
«Азық-түлік корпорациясы» бізге кедергі болып тұр. 4 айдан бері өнімнің ақшасын төлеген жоқ. Басқа клиенттерге сатып жіберсек, келісімшартты біз бұзған болып шығамыз. Сақтап бергені үшін элеваторға төлеу керек. Егісті бастау үшін тұқым, жанар-жағармай алу қажет. Ақшаның бәрі осы өнімнің сатылымынан түседі.

Павлодарлық диқандар өткен жылы күнбағыстан 178 мың тонна өнім жинаған. Қазір соның 46 мың тоннадан астамы қамбаларда жатыр. Майлы дақылдарын өткізе алмай отырғандардың жанайқайы «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы мен салаға жауапты министрлікке жолданды.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу