Балаларына «Микротия артезия» атты ауыр диагноз қойылған ата-аналар мемлекеттен көмек сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балаларына «Микротия артезия» атты ауыр диагноз қойылған ата-аналар мемлекеттен көмек сұрайды

11.04.2022

Балаларына “Микротия артезия” атты ауыр диагноз қойылған ата-аналар мемлекеттен көмек сұрайды. Олар туабітті сырқатқа щалдыққан перзентіне ота жасату үшін шетелдік дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Алайда, операция құны өте қымбат. Сондықтан шарасыз ата-аналар халықтан ақша жинауды бастапты.

5 жасар Адиля дүниеге бір құлақсыз келген. Жылдан-жылға сау құлағаның да есту қабілеті төмендей бастапты. Дәрігерлер оған «Микротия артезия» диагнозын қойған. Яғни, бір құлағы түгелдей сүйекпен жабық, тесігі жоқ. Бүлдіршіннің әкесі, әріптесіміз Ерболаттың айтуынша, перзентіне Қазақстанда ота жасайтын маман табылмаған.

Ерболат Қуанышев, Адиляның әкесі:

Шетелде операция жасау үшін 47 мың доллар қаражат крек. Әлеуметтік желіге салып, халықтың көмегімен жинап жатырмыз. Бірақ, ол жеткіліксіз. Өзім жинайын десем, немді сатсам да шықпайды. 47 мың доллар мен үшін көп ақша. Сол себепті,мемлекет тезірек осыны қолға алып, көмектессе екен. Бізді естісе екен.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде 5 мыңнан астам бүлдіршінге дәл осындай диагноз қойылған. Шарасыз күйге түскен ата-аналар Денсаулық сақтау министрінен квота бөлуін сұрайды.

Малика Сұлтан, қоғамдық қор жетекшісі:

Біз,тіпті, қоғамдық ұйым да құрдық. Бес жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігіне, басқа да ұйымдарға хат жазып келеміз. Еш нәтиже жоқ. Министрліктің айтуынша, бірінші кезекте сирек кездесетін аурулары бар балалар емделуі керек. Ал, біздікі ше?! Біздің де бүлдіршіндерімізге ем-дом қажет.

Перзенттеріне алаңдаған ата-аналар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан да көмек сұраған. Қор өкілдері өтініштердің қаралып жатқанын жеткізді.

Әйгерім Есенәлі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми өкілі:

Қандай жағдайда шетелге емделуге жіберуге болады?! Егер емделушінің біздің елде емделуге мүмкіндігі жоқ болса. Оған дәлел керек. Медициналық қорытынды болса, денсаулық сақтау министрі шетелге квота арқылы шетелге емге жібермеген жағдайда «Қазақстан халқына» қоры бұл емді көтереді. 15, Осы мәселелер шешілу процессінде. Мәселенің шешілу жолдары қарастырылып жатыр. Үнсіз жатқан жоқпыз.

Мемлекеттен қолдау болса, баламызға қымбат операция жасалып, құлан-таза айығып кетер еді дейді ата-аналар. Әзірше қолдан келетіні - қайырымды жандардың көмегіне сүйеніп, ақша жинау.

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу