Биыл Павлодарлық түлектердің мектеп бітіру кешінде жылдағыдай аста-төк  шығын жасалмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Павлодарлық түлектердің мектеп бітіру кешінде жылдағыдай аста-төк  шығын жасалмайды

31.05.2019

Оның орнына мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. Биыл аймақта 1012 бала мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алады. Олардың 150-ден астамы «Алтын белгіге» үміткер.

Мектеп бітіру кешіне дайындық биылда ерте басталды. Кейбір білім ошақтары банкет өткізетін жерді алдын-ала әзірлеп, фото-бейне түсірілім, тіпті, серуендейтін қымбат көлікке дейін тапсырыс беріп қойған. «Жас Дарын» мектебі жақында солардың бәрінен бас тартты.

Тлеухан Усин, мектеп түлегі:

Қымбат лимузиндерден, шарлардан және кештерден бас тартуды жөн көрдік. Ақша жинап, ата-аналар мен балаларды Баянауыл ауданына демалуға апарамыз.

Әрине жиналған қаржыға алынатын жолдамалар алдымен көпбалалы отбасыларына беріледі.

Қаламқас Балтажанқызы, мектеп бітіруші түлектің анасы:

Ұсыныс ата-аналар тарапынан түсті. Бір-бірлеріне көмек көрсете білуі керек, көмекті қабылдай алуы керек. Болашақты біздің балаларымыздан үлкен азамат шығады. Мұғалім, инженер шығуы мүмкін. Қайда болсын, кім болсын жанындағыларға көмек көрсетіп, бөлісе білу керек деген сияқты. Жүректеріне иман келтіріп, игі қасиеттерге тәрбиелеу мақсатында қолдап отырмыз.

Түлектерден бөлек биыл кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары, ірі кәсіпорындар 21 миллион теңгеден астам қаржыға жолдама сатып алып, мектептерге тапсырады. 10 бала Сочидегі әйгілі «Артек» лагерінде демалады.  Демалыс үйлеріне балалар ғана емес, ата-аналары да жіберіледі.

Гүлнар Ибраева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

«Отбасылық демалыс» атты акция ұйымдастырылып жатыр. Жазғы демалысты ұйымдастыруда ең үлкен мәні жетім және ата-ана қарауынсыз қалған, одан басқа әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балаларына арналады.

Кейбір мектеп түлектері өздерінің ізбасарларының, яғни,  мектеп табалдырығын биыл алғаш аттағалы отырған іні, қарындастарының қамын осы бастан ойлап жатыр. Ол үшін оқу-құралдарын сатып алып, 1-ші қыркүйек қарсанында аз қамтылған отбасы балаларына тапсыру үшін мектеп әкімшілігіне аманаттайды.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу