Маңғыстау облысында 3 ауысыммен оқитын мектептер мәселесі шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында 3 ауысыммен оқитын мектептер мәселесі шешіледі

11.04.2022

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы 3 ауысыммен оқитын мектептер мәселесі таяуда шешілмек. Ол үшін оқушы саны көп білім ошақтарының жанынан қосымша ғимараттар салынып жатыр.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
3 ауысымдық оқыту мәселесі облыс бойынша Бейнеу ауданында өзекті. Мұнда 2 700-ге жуық балаға орын тапшы. Мәселені шешу үшін 2 бірдей мектептің жанынан қосымша құрылыс салынып жатыр. Жұмыстың 90% аяқталған. Іске қосылғаннан кейін мұнда 640 оқушы оқитын болады.
Ғимарат 2 қабатты. 312 оқушыға арналған. 2 кезеңмен оқығанда 2 есе көп оқушы сияды. Ал балалар мұнда Күйкен мектебінен көшіріледі. Аталған білім ошағы шамамен 500 орындық. Бірақ 3 ауысыммен 1 700 ден астам бала оқиды.
Молдахан Малбасов, Күйкен мектебінің директоры:
Орын тапшылығының өзі оқушының білім сапасына қатты әсер етіп келеді. Енді кейбір пәндерге қиындық туғызады. Бұл мектепке қазір 620-640-тай бала келеді деп есептейміз. Сонда біздің негізгі мектеп қалыпты жағдайға түседі деген ойдамыз.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Оқушылардың жайлы жерде, сапалы білім алғанын ата-аналары да қалайды. Бақытгүл Әбдіраманованың 4 бірдей баласы осы мектепте оқиды. Жас ана ұл-қызының болашағына алаңдаулы.
Бақытгүл Әбдіраманова, Бейнеу ауылының тұрғыны:
Біреуін жіберіп жатсаң, келесісі дайын тұрады. Сол үшін бізге оқу 3 ауысым болғаны қиын. Балаларымыздың жақсы, қысылып-қымтырылмай білім алуын күтудеміз.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Ауданда осы секілді тағы 2 мектеп бар. Оның біреуінің жанында қосымша ғимарат салынып жатыр. Ал екінші білім ошағында мәселе әлі шешілген жоқ. Жауаптылар артық оқушыларды басқа мектептерге тасымалдауды ұйымдастырмақшы.
Шоқан Жаулиев, Бейнеу аудандық білім бөлімінің басшысы:
Жалпы орталықтағы мектептерге көшіріп, сол жердегі салмақты азайтып, 3 ауысымды жоямыз. Ол жерде қазір 3 ауысымда отырған бала саны 120-ға жуық. Сол 120 баланы басқа мектепке көшіру арқылы мәселені шешеміз.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Ауданда жырты жылда шамамен 1 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Осыған орай, келесі жылы Бейнеу ауылында 620 орындық жаңа білім беру нысанын салу көзделген. Сондай-ақ Боранқұл ауылдық мектебінің жанынан да қосымша құрылыс бой көтереді.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу