Бүгін Алматыда «Қытайдың жаңа заман тарихы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Ұлттық кітапханадағы жиынға Қытайдағы «Ұлттар баспасының» ресми қонақтары мен қазақтың зиялылары қатысып, екі елдің рухани байланысына көпір болатын осындай шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын сөз етті.
Бұл кітап Қытайдың 1949 жылдан 1978 жылға дейінгі аса ірі тарихи оқиғаларын қамтиды. «Ұлттар баспасы» мен «Орхон» баспасының бірлесіп шығарған туындысы еліміздегі Қытай тілі мен мәдениетін оқытатын орталықтар мен шығыстану институттары үшін таптырмас оқу құралы, дейді мамандар.
Дидахмет Әшімханұлы, «Орхон» баспасының директоры:
Ел мен елдің, халық пен халықтың, арасын жақындастыра түсетін негізгі бір дүние – руханият. Сол рухани дүниенің қазанын қайнатып жатқан баспалар дейтін болсақ, міне, соның бір нәтижесін бүгін халыққа көрсетіп отырмыз.
Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ