Леңгір қаласының тұрғындары тозығы жеткен үйлерінен үрейлі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Леңгір қаласының тұрғындары тозығы жеткен үйлерінен үрейлі

08.04.2022

Түркістан облысы, Леңгір қаласында қос қабатты сегіз үйдің тұрғындары әр күнін үреймен өткізіп жүр. Себебі өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған баспаналардың әбден тозығы жетіп, құлауға шақ қалған. Жаңбыр жауса пәтердің іші суға толып, жел соқса электр сымдары үзілетін үйлер екі жыл бұрын бұзылуы керек болған. Алайда, жергілікті билік қаржы қолбайлау екенін айтып, жаңа баспаналар салуға асығар емес.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Леңгір қаласындағы екі қабатты мына үйдің салынғанына тоқсан жылға жуықтаған. Содан бері бірде бір рет жөндеу көрмепті. Қазір әбден тозығы жеткен баспананың қабырғасы үгітіліп, ішінен қамыстар көріне бастаған. Ал, жаңбыр жауса шұрқ тесік шатырлардан су ағады.

Қаланың қақ ортасында орналасқан бұл үйлердің қазір сау жері қалмаған. Қабырғасы ағаштан тұрғызылғандықтан іргетасы үгітіліп, шұңқырлар пайда болыпты. Тіпті бір жағына ауып кетіп жатыр, - дейді тұрғындар.

Мынаның ішінде ешнәрсе жоқ міне. Мынаның ішінің бәрі пустой міне, ішінің бәрі үйстіп түсіп қалған. Подьезіміз де түсіп қалған. Төбеміз үңгірленіп түсіп қалған.

Ал, едендері тозып, шіріп жатыр. Пәтерлерде не су жоқ, не газ құбырлары тартылмаған. Жылу мен кәріз құбырлары да жоқтың қасы. Қыс түссе көмір тасып, пешпен жылытады.

Әсем Зұлыпбекова, Леңгір қаласының тұрғыны:

Қыстың кезінде даладан көмір алып келеміз де ана жерге қойып қоямын. Ағашымыз, даладан суымызды тасып қоямыз. Бала-шағам әкелмесін деп мынаның бәрін толтырып қоямын. Бес бала шағам бар уже шаршадым. Мынаның бәрі қандалаға толып қалған. Бала-шағам жата алмайды түнімен.

Ағаш пен қамыстың арасынан шыққан қандала бесіктегі балаға дейін тыным бермейді екен. Сонда да барар жері болмаған тұрғындар өлместің күнін көріп келеді. Уақыт өткен сайын бұл баспанада өмір сүрудің өзі қауіпті болып бара жатыр, дейді.

Гүлшат Орабаева, Леңгір қаласының тұрғыны:

Каркас үй, не шеге тұрмайды. Не лай ұстамайды. Былтыр соққан пешіміз бұзылып, құлап жатыр. Түніменен жанымызды шүберекке түсйіп қорқып отырамыз, қашан құлап қалады екен деп. Қашан төбесі түсіп кетеді, қай үйден өрт шығады.

Рахима Болатбекова, Леңгір қаласының тұрғыны:

Крышамыздан су ағып, төбеміздің бәріне кленка төсеп тастағанбыз қазір. Су ағады, төбеміздің бәрі түсіп жатыр қазір. Оны сылайсың әктейсің, ертесіне жаңбыр жауса тағы түседі. Вообще толкы жоқ мына тамнан, отырғанымызға отыз жыл болды. Біреуі келіп көрмейді, отырсың ба отыр, болды.

Тозығы жеткеніне қарамастан 115 пәтерлі үйлер әлі күнге дейін апатты деп танылмаған. Тұрғындар төрт жыл бұрын құжаттарымызды жауаптылар түгел жинап алды дейді. Бірақ одан да нәтиже шықпапты.

Жидегүл Алтыбаева, Леңгір қаласының тұрғыны:

2017-ден бері жазбаған арызымыз қалмады әкімшілікке, бармаған тесігіміз қалмады. Оның алдында барғанымызда айтты, мына Арыстың проблемасы тоқтай тұрыңыздар. Одан кейін барып Түркістанның проблемасы. Сәл қоя тұрыңыздар, шыдаңыздар, шыда. Енді шыдамның ақыры мына үйдің төбесі опырылып түсіп жатыр.

Тұрғын үйлердің алдында балалар ойнайтын алаңшалар да жоқ. Қоқыс тастайтын жәшіктер де қойылмаған. Сондықтан айналасы қоқысқа толып кеткен. Ал жергілікті билік өкілдері осы маңнан жаңадан бес қабатты 4 үйді салу үшін жоба жасаттық деп ақталды. Бірақ оны салуға қаржының жоқтығы қолбайлау болып тұр екен.

Лесбек Серікбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары:

Жобалау сметалық құжаттарының барлығын жасап, салалық басқармаға бюджеттік өтінімді өткізу үшін біз беріп қойдық. Қаржы биыл бөлінсе биыл бастаймыз 2022 жылы. Қаржы 2023 жылы бөлінсе 2023 жылы құрылысын бастаймыз.

Шенеунік қаржының нақты қашан бөлінетінін дөп басып айта алмады. Десе де тұрғындардың жанайқайын ескеріп, ойын алаңшаларын салып беруге уәде етті. Қоқыс тастайтын жәшіктерді де жеткізіп беретін болды. Бірақ бұл жауапқа тозығы жеткен үйлердің тұрғындары қанағаттанбады.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу