Ауыз су мен жол. Көкшетаудың іргесіндегі Красный Яр ауылы тұрғындарын алаңдатқан негізгі мәселелер осылар. 12 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекенде абаттандыру нашар, жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті көңіл бөлінбейді, - дейді жұрт.
Красный Яр ауылының 30 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Суы барлардың өзі де қиындық көріп отырғандарын айтады. Себебі желіде апат жиі болады. Құбыр әбден тозған. Суды Көкшетаудан тасып ішетін Диқан Қаршалов мәселені шешу сөз күйінде ғана қалады, - дейді.
Диқан Қаршалов, Красный Яр ауылының тұрғыны:
Су мәселесі өте қиын. 5 жылдан бері, әлгі, әкімшіліктердің айтқаны бойынша 5 жыл болды, жылда смета жасаймыз дейді, жылда жоқ. Су жоқ. Мынау екінші көше, Сейфуллин көшесінен алып жүр ек, ол жерде колонкаларды алып тастады. Суды мен өзім қаладан бұлақтан әкеліп ішіп жатырмын. Кімнің қолы жетеді солай. Ал, енді машинасы жоқтар қалай ішіп жатыр десеңізші.
Жолдың да жыры бітер емес. Елдімекендегі 50 шақырым трассаның жартысы жөндеуді қажет етеді. 2 жыл бұрын Красный Ярға "Ауылым - алтын бесігім" бағдарламасы аясында екі миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда, тұрғындар айтарлықтай өзгеріс көрген жоқпыз, - дейді.
Еркін Жұмаш, Красный Яр ауылының тұрғыны:
Жолдың жағдайларын көріп тұрсыздар әне. Қазір, міне, жер кепкесін келдіңіздер сіздер. Ал осының 3-4 күн бұрын келгенде, сұмдық бұл жерде. Не машина, не адам жүре алмайды. Бала-шаға мектепке барса, белшесінен сазға малынып келеді.
Сәуле Нұрғалиева, Красный Яр ауылының тұрғыны:
Бағдарлама сол «Ауылым – алтын бесігіме» бөлінген ақша деп ойлаймын. Ол енді, көңілімізден шыққан жоқ. Ол ақша қайда кетті, білмейміз. Не істелінді оған? Оны тексеру керек, қарау керек. Қайда кетті ол ақша?! Қалай болды, не қылды?! Анау программа, мынау программа бөлінеді. Ол жоқ болады.
Тағы бір мәселе, Красный Ярда жаяу жүргіншілер жолағы жоқ. Сондықтан адамдар көліктерге арналған жолмен жүреді. Жарықтандыру нашар. Сол себебі бұл қауіпті. Тұрғындар осы және өзге де мәселелерді қала әкімінің есептік кездесуінде көтерді.
Ардақ Тасқынбай, Красный яр ауылдық округінің әкімі:
Красный Ярдың жолдарын жөндеуге бізде 5 проект дайын. 2 проектіге ақша бөлінді. Міне, 3 проектіге облыстан тағы да ақша бөлінді. Су мәселесін жабу үшін қала акиматы 2 проектіге ақша берді, 2 жобаға. Ол 2 жоба қазір уақытта экспертизадан өтсе, жаздың басында біз, біз емес, енді қала акиматы заявка беріп, облыстан ақша сұрайды.
Красный Яр ауылының биылғы бюджеті 390 миллион теңге. Бұл алдында бөлінген 2 миллиардтың шамамен 20 пайызы ғана. Сондықтан осы жылы елдімекенде айтарлықтай өзгеріс болмайтын сыңайлы.
Ермек Елберген