АҚШ-тың санкциясына іліккен Альфа-банк тұрғындарға несие беруді тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тың санкциясына іліккен Альфа-банк тұрғындарға несие беруді тоқтатты

08.04.2022

АҚШ-тың санкциясына іліккен Альфа-банк тұрғындарға несие беруді тоқтатты. Сарапшылар алдағы уақытта бұл банктердің салымшылары азаюы мүмкін екенін айтады. Қазір қолма-қол ақша шешуге де бірқатар шектеу бар. Ал бұған дейін банктен қарыз алғандардың кредит шарты өзгере ме? Ақерке Бектастың материалы.

Тілші: Геосаяси ахуалдың салдары қаржы нарығын айналып өтпеді. Бұған дейін Ресей элиталарына санкция салған АҚШ екі бірдей ірі банктің батыстағы активтерін бұғаттап тастады. Енді Қазақстандағы Альфа банк салымшылары да доллар және еуромен ақша аудара алмайды.

Андрей Тимченко, Альфа-Банк Қазақстанның бас атқарушы директоры:

Азаматтарға түсіністік танытып, бізге біраз уақыт беруді сұраймыз. Кредит беру тоқтатылды. Банктегі барлық қаржы ақшасын алу кетуді көздеген азаматтарға беріледі.

Банк Visa мен MasterCard арқылы жұмыс істемейді. Тұрғындарға банкоматтан күніне тек 400 мың теңгеге дейін қолма-қол ақша алуға болады. Ал мобильді қосымша арқылы 100 мың теңгеге дейін ғана қаржы жұмсауға рұқсат. Әзірге шектеудің қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ресми хат жолдадық. Алайда агенттік өкілдері бүгін сұхбат беруден бас тартты. Экономистер санкцияның ұзаққа созылатынын айтады. Ал банктердегі қазіргі шектеу салымшылардың біртіндеп азаюына алып келеді.

Сапарбай Жобаев, экономика ғылымдарының кандидаты:

Біздегі салымшыларға жанама әсер етеді. Олардың активтерінің көбі, доллардағы активтері Еуропа мемлекеттеріндегі есепшоттарда еді. Оның 300 млрдын Ресейдікін жауып қойды. Олар кредит беруді, үлкен жобаларға ақша беруге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Ресей банктері өте аз жұмыс істеуге әрекет жасап жатыр.

Қазір Қазақстандағы Альфа банктің 1 млн 800 мыңнан аса салымшысы бар. Жеке тұлғалар 1 млн 700 мың. Қалғаны заңды тұлғалар. Былтыр бірінші тоқсанда қаржы институтының жеке активтері 718 млрд теңгеден асқан. Ал қазақстандықтардың мұнда жатқан ақшасы 534 млрд теңге. Банк өкілдерінің сөзінше, тұрғындармен жасалған кредит шарты өзгермейді.

Ал Ресейдегі банктік активтердің үштен бірін иеленіп отырған «Сбербанк» штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Азаматтардың банктегі ақшасына қауіп жоқ деп отыр. Алайда ресейлік сарапшылар жағдай күрделене түссе, Сбербанктің Үкіметтен көмек сұрауы мүмкін,- дейді.

Дмитрий Журавлев, РФ Аймақтық мәселелер институтының бас директоры:

Банктің акциялары одан әрі құлауы мүмкін. Ұзақ уақыттан бері Сбербанктің қызметін пайдаланып келген азаматтар ғана банкті ауыстыра қоймас. Алайда енді тұтынушылардың сұранысы Қытай банктеріне артады.

Ақерке Бектас, тілші:

Рейтердің хабарлауынша, АҚШ-тың санкциясынан соң Мәскеу биржасында Сбербанктің акциясы бірден 8%-ке құлдырап, 141 рубльге арзандаған. Батыстың бұл банкке қатысты шектеуі 13 сәуірден бастап күшіне енеді. Айта кетейік, санкциялар Альфа банктің акционерлеріне де салынған. Қазақстанның қаржы нарығында бұл банк 27 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Ақерке Бектас 

Хабарламаларға жазылу