Баспаналары суға кеткен ақтөбеліктер көмек сұрайды. Тасқыннан кейін бес күн өтсе де әкімдіктен ешкім келіп, жағдайымызды сұрамады, дейді. Көбінің үйлері тұруға жарамсыз. Одан бөлек қыруар қаржыға алған дүние-мүліктері де жарамсыз күйге түскен. Далада қалған жұрттың жағдайы қалай болмақ? Жауаптылар не дейді?
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл саяжай аумағындағы үйлердің бірі. Осыдан бес күн бұрын суға кеткен. Міне, көріп тұрсыздар, лас су әлі толық сорылмаған.
Ақбота Оразова бес баласымен далада қалды. Айтып келмейтін апат баспанасын жарамсыз етті. Киім-кешек, төсек-орын, жиһаздары түгел бүлінген.
Ақбота Оразова, қала тұрғыны:
Міне, мынаның бәрі құлап жатыр,ішінің бәрі су.Үш күн суда тұрды үй. Фундамент ішіне кіріп кетті, батып кетті, әне, төбе құлайын деп тұр.Тұруға жарамайды. Әкиматтан ешкім келіп қарап жатқан жоқ. Көмек болмай ма деп қорқып отырмын.
Бұл аумақта 60-қа жуық үй су астында қалды.Олардың кейбірі жөндеуге де келмейді. Одан бөлек тұрғындардың жүз мыңдаған қаржыға алған жиһаздары мен тұрмыстық техникалары түгел бүлінген. Сондықтан мұндағы халық комиссия шығындарымызды толық есептеп, жеткілікті көлемде көмек берілсе дейді.Бұған дейін олар зардап шеккендерге аздаған құрылыс материалы ғана бөлінеді дегенді естіген.
Айгүл Кенжалина, қала тұрғыны:
Тек қана стройматериал жазыңыз деп жатыр.Тек стройматериалмен не істейміз мысалы? Барынша кредитке кірдік, анау-мынауды салуға. Бытовая тезхника, мебельдер. Біз бәрін просто алдық та, лақтырып тастадық. Просто бұзып тастайтын үй болып тұр да.
Ақтөбеде барлығы 119 үй бүлінді. Оның 78-і саяжай аумақтарында орналасқан. Комиссия қазірге дейін суға кеткен баспаналардың 70 пайызын аралап шыққан. Жауаптылар зардап шеккендерге көмек тек құрылыс бұйымдарына ғана берілетінін мойындады.
Айбек Көпенов, қала әкімінің орынбасары:
Барлық шығындарды есептеп болғаннан кейін тек үй құрылысына ғана көмек беріледі. Ал, тұрғындар айтқандай техникалық құралдарға ,басқа мәселелер қаралмайды заңға сәйкес.Біздің есептеуімізше көбінің үйі тұруға жарамды.Тек жөндеу жұмыстары қажет болады.
Зардап шеккен жұрт әкімдіктің бұл уәжімен келіспейді. Сондықтан, шешімді қайта қарауды сұрап отыр.
Жақсыбек Кемал