Павлодар қаласы толықтай ауыз сусыз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар қаласы толықтай ауыз сусыз қалуы мүмкін

08.04.2022

Павлодар қаласы жуық арада толықтай ауыз сусыз қалуы мүмкін. Ішу түгілі, тіпті техникалық су да тапшы болады. Өйткені Ертістен су соратын құрылғылар жылжымалы құмға тығылып қалғалы тұр. Ал өзен түбін 2018 жылдан бері тазартып, қатердің алдын алып отырған кәсіпорын қызметіне сот шектеу қойған. Бұған табиғатты қорғау прокуратурасы ықпал еткен. «Құмның жылжуы – табиғи үдеріс, еш зиян тигізбейді», – дейді қадағалаушы орган. Қайта өндіріс орны орналасқан 12 гектар аумаққа Ертістен шығарылған топырақ үйілген. Салдарынан жердің құнары жойылып, өсімдіктің барлық түрі семіп қалған. Бірақ «Павлодар су арнасы» мекемесі мұнымен келіспейді. «Керісінше өзекті мәселе өзеннің түбіндегі құмның жылжуы», – дейді. Осыдан 7 жыл бұрын құм мен сорғы станциясы аралығы шамамен 1 шақырымға жеткен. Ал 4 жыл бұрын кәсіпорын өзен табанын тазартуды бастап, құмның көшу қарқынын 250 метрге қысқартқан. «Өндірілген шикізаттан құрылыс материалдары жасалған. Мәселе оң шешілмесе, бұл жобаға кеткен шығындарды тарифті өсіру арқылы өндіруге мәжбүрміз», – дейді. Сондықтан кәсіпорын өкілдері Президенттен көмек сұрап, үндеу жолдады.

Валерий Филяев, «Павлодар су арнасы» ЖШС өкілі:
Былтырдан бері өзенде тазарту жұмыстарын жүргізбедік. Содан құмның жылжуы жеделдеді. Қазір сорғы құрылғыларына тақап қалды. Енді Ертістің мінезіне де байланысты. Ағысына қарай жағдай күрт өзгеруі мүмкін. Яғни үлкен қауіп төніп тұр. Биыл немесе келер жылы құрылғы бітеліп қалса, қала сусыз қалады.

Ал, қала әкімдігі болса, қара аспанды төндіретіндей дәнеңе жоқ деп есетейді. Тазарту жұмыстары 2018 жылға дейін де жүргізіліп тұрған. Сондай-ақ қосымша қондырғы орнатуды қажет етпеген болатындығын айтты.

Салтанат Әкімбекова, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
Қаланы сумен қамту үздіксіз жүргізіле береді. Су тоқтап қалады дегенге еш негіз жоқ деп ойлаймыз.

Нысан Ығыл

Хабарламаларға жазылу