Владимир Зеленский: Бородянка қаласындағы ахуал Бучадан да жантүршігерлік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Владимир Зеленский: Бородянка қаласындағы ахуал Бучадан да жантүршігерлік

08.04.2022

Украина аумағындағы әскери қақтығыс 44 күнге ұласты. Пентагонның мәлімдеуінше, Ресей әскері Чернигов пен Киев облыстарынан толықтай кетті. Украина әскері азат етілген жерлерді тазартуға кіріскен. «Бородянка қаласындағы ахуал Бучадан да жантүршігерлік», – дейді президент Владимир Зеленский. Үйінділер астынан 26 адамның денесі шығарылған. Қаза тапқан бейбіт тұрғындардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Украина президенті күн сайынғы үндеуінде «ержүрек болу – біздің бренд» деп, халықаралық қауымдастықты Ресей экономикасына қарсы санкцияларды күшейтуге шақырды.

Ал Ресей Украина аумағында өзі «арнайы операция» деп атайтын әскери қақтығысты таяуда, тіптен бірнеше күнде аяқтауы мүмкін. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Британияның «Sky News» телеарнасына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді. Бұған қоса, Кремль өкілі Ресей айтарлықтай сарбазынан айырылғанын мойындады. Дегенмен нақты сан аталған жоқ.

Песковтың әскери қақтығыс жақында аяқталады деген мәлімдемесі НАТО-ның болжамына сәйкес келмейді. Әскери одақтың бас хатшысы Йенс Столтенберг әлем ұзаққа созылатын соғысқа дайын болуы керек деп мәлімдеді. Сонымен бірге альянс Украинаға әскери көмек беруді ұлғайтпақ. Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба НАТО саммитінде елді Донбасс үшін қиянкескі шайқас күтіп тұрғанын, ол ауқымы мен сипаты жағынан Екінші Дүниежүзілік соғысқа ұқсайтынын мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу