Алматы қаласындағы бүгінгі ахуал - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласындағы бүгінгі ахуал

25.03.2020

Бүгін Алматыда коронавирус жұқтырған тағы 2 адам анықталып, мегаполисте вирусқа шалдыққандар 31 науқасқа жетті. Қаланың Бас санитар дәрігері Берлин-Минск-Алматы чартерлік рейсінің алты жолаушысы мен бір бортсерігінен коронавирус расталғанын мәлімдеді. 12 адам, яғни, тоғыз жолаушы мен экипаждың үш мүшесі болған чартерлік рейс Германиядан 13 наурыз ұшып келген. Барлығы жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланған.

Ал қалада тағы 2 адамнан вирус анықталды. Жалпы коронавирус жұқтырғандар саны 31 науқасқа жетті. Өзі 14 күн үй карантинде болған қаланың бас санитар дәрігері Айзат Молдақасымова бүгін алғаш рет онлайн брифингке қатысты. Науқастардың жағдайы туралы айтып берді. Алматы әкімдігі көпқабатты тұрғын үйлердің кіре берістері мен аулаларды дезинфекциялау жұмыстарын күшейтті.

Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес Алматыға өңірлерден сарапшы эпидемиолог мамандар келді. 82 маман блок бекеттерде жұмыс істеп жатыр. Олардың жұмыс істеуіне, дұрыс тамақтануына, уақытша Алматыда тұруына қажетті жағдай жасалған.

Жазира ОРАЗҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу