Биыл Атбасар қаласындағы 200 отбасы аймақтың қауіпсіз бөлігінде салынып жатқан жаңа үйлерге қоныстанады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Атбасар қаласындағы 200 отбасы аймақтың қауіпсіз бөлігінде салынып жатқан жаңа үйлерге қоныстанады

07.04.2022

Ақмола облысында 53 елдімекенді су басуы мүмкін. Әсіресе Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы ауылдарда жағдай қиын. Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі бүгін аймақты тікұшақпен аралап, ахуалды көрді. Юрий Ильиннің айтуынша, қазір қардың басым бөлігі еріген. Десе де Есілдің жағасындағы ауылдарды қызыл су басу қауіпі сейілген жоқ.

Биыл Ақмола облысындағы Аршалы мен Целиноград аудандарында қар көп жауды. Қазіргі уақытта Қоянды ауылынан су шығару жұмыстары жүріп жатыр. Облыс басшысының айтуынша, өңірдегі өзендердегі су деңгейі аса қауіпті деңгейге жете қойған жоқ.

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:

Облыс бойынша елдімекендерден 1 млн текше метрден астам қар шығарылды. 3 мыңнан астам су өткізу орындары тазартылды. 500 мың текше метр еріген қар суы елдімекендерден сорылып шығарылды. Қазір облыс бойынша жағдай тұрақталып келеді. 1-2 күнде қауіп сейіледі деп ойлаймыз.

Құтқарушылар күні-түні қызметте. Өзендердің, су қоймаларының деңгейі бақылауда. Тасқынға қарсы жұмыстар жалғасып жатыр. Сондай-ақ, министр өзге өңірлердегі жағдайды да баяндап берді.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Біз Шығыс Қазақстан облысына қосымша күш жібердік. Өйткені таулы аймақтардағы Зырян, Риддер секілді елдімекендерді су босуы мүмкін. Ал Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жағдай тұрақталып келеді. Қазір шығындарды есептеу жұмыстары жүріп жатыр.

Атбасар аймағында қауіп әлі толық сейілген жоқ. Ормандарда ерімей жатқан қар бар. Атбасар қаласын су басу мәселесін толық жою үшін тұрғындарды көшіру қолға алынған болатын. Биыл 200 отбасы қаланың қауіпсіз бөлігінде салынып жатқан жаңа үйлерге қоныстанады. Тағы 300 жанұяға баспана салу қарастырылып жатыр.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу