Ақмола облысында су басу қаупі жоғары аймақта тұрып жатқан 200 отбасы көшірілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында су басу қаупі жоғары аймақта тұрып жатқан 200 отбасы көшірілмек

07.04.2022

Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласындағы 200 отбасы шаһардың басқа бөлігіне көшірілмек. Себебі олар су басу қаупі жоғары аймақта тұрып жатыр.

Ермек Елберген, тілші:
Атбасардағы 200 отбасын жаңа баспаналарға көшіру мәселесі биыл шешілмек. Ол үшін жаңа көпқабатты үйлер салынып жатыр. Бұл туралы кеше арнайы онлайн брифингте Атбасар ауданының әкімі айтты. Тұрғындарды көшіру туралы шешім 4 жыл бұрын қабылданған болатын. Себебі дамба тұрғызғанға қарағанда, тұрғын үйлер салу арзанырақ шығатын көрінеді. Осы уақытқа дейін 459 отбасы жаңа пәтерлерге қоныстанып үлгерді.
Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:
Қазіргі уақытта әрқайсысы 100 пәтерлі 2 үй салынып жатыр. 5 қабаттың барлығы тұрғызылды. Баспана құрылысына және оған инженерлік желілерді тарту үшін Үкімет резервінен былтыр 4 млрд 200 млн теңге бөлінген еді. Үйлерді биыл қыркүйекте тапсырамыз деп отырмыз.
Ермек Елберген, тілші:
Атбасарда қазір су басу қаупі жоғары аймақта барлығы 500 үй бар. Демек тағы 300 отбасын көшіру қажет. Қазіргі уақытта үйлер салуға жобалар әзір. Тек қаржы әлі бөлінбеген. «Бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр», – дейді аудан әкімі. Бүгінде қаланың өзіндегі ахуал тұрақты. Ал аудан бойынша Сочинское ауылымен көлік қатынасы жоқ. Себебі жолды 2 жерден су басып қалған.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу