Өңірлердегі су тасқыны бәсеңдемей тұр. Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарында ағын су жолдарды шайып, қатынас қиындады. Ал Ақтөбеде жүзден астам тұрғын үйге су кірген.
Арқалық қаласына қарасты бірнеше елді-мекенге баратын жолды су бұзып кетті. Соның кесірінен пайда болған шұңқырға далада жайылып жүрген жылқы құлаған. Жолаушылар түсірген тағы бір бейнекөріністен Әулиекөл – Жалдама бағытында су трассаның үстінен асып ағып жатқанын байқауға болады. Жайылған су осы жолдың бойындағы Степняк ауылын қоршап, мектептің ішіне де кірген. Жанкелдин ауданының орталығы Торғайдан Ақшығанақ ауылына баратын жол да тасқынға төтеп бере алмай екі жерден опырылыпты. Ал Арқалық қаласында шеткері жер үйлерді су басты.
Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында Қошанкөл-Қараоба жолын су басты. Қазір ол жерден жолаушылар жаяу өтіп, басқа көлікпен Казталов ауылына жеткізіліп жатыр. «Әзірге елді-мекенге қауіп жоқ» дейді мамандар. Сондай-ақ, Жәнібек-Талов тасжолын да тасқын су бұзып өтті. Ал Шыңғырлау ауданындағы су шайып кеткен 10 жол бөлігі бақылауда.
Ернұр Өтегенов, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
Қазір Ақтөбе облысындағы Қобда өзені суы Елек өзеніне келіп, Шыңғырлауда су деңгейі көтеріліп келе жатыр. Бірақ ең жоғары шекке дейін 2 метр бар. Сондықтан Елек өзені Жайық өзеніне келіп құяды.
Тұрғындарға көмек көрсетілуде
Ақтөбе облысында суға кеткен үй саны 119-ға жетті. Өткен тәуліктерде техника күшіне, құм мен қапшыққа сұраныс жоғары болды. Соны пайдаланған кейбір пысықайлар тегін инертті құралдарды мұқтаждарға сатқан. Қазір бұл деректерді полиция тексеріп жатыр. Дегенмен, қазір облыста жағдай қалыпты, көп аумақта су деңгейі түсті. Үйлері суға кеткен тұрғындар дүние-мүліктерін түгендеп, шығындарын есептеп жатыр.
Райымбек Халидоллаев, тұрғын:
Ұйықтап жатқан кезде кірді су деген, астымыздан сыз өткенде білдік қой тек, атып шығып, үлгеріп кеттік, киініп алып, атып шықтық. Басқа ештеңе алған жоқпыз, киім, көрпе-көпшік, бәрі жатты осылай. Құжат, ештеңе алған жоқпыз.
Тасқын басталғалы 315 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір уақытша паналау орындарында 114 адам бар. Қала тұрғындары мен кәсіпкерлер оларға киім-кешек, азық-түлік жеткізіп беріп жатыр. Өңір басшылығы, «Үйі суға кеткендер көмексіз қалмайды», - деп мәлімдеді. Облыс бойынша тағы екі ауданаралық жолды су басу қаупі бар. Ал, 3 елді мекенге қатынас уақытша үзілген.
Дәуренбек Әбдібек