Шымкент қаласының құрамына кейіннен енген елдімекендердің әлеуметтік қиындықтары шешіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласының құрамына кейіннен енген елдімекендердің әлеуметтік қиындықтары шешіле бастады

06.04.2022

Шымкент қаласының құрамына кейіннен енген елдімекендердің инфрақұрылым жүйесі мен әлеуметтік қиындықтары енді шешіле бастады. Жыл басынан бері мұндағы тұрғындар жергілікті билікке 374 проблемалық мәселе көтерген болса, үш айдың ішінде оның бестен бірі шешімін тапты. Мегаполис жұртшылығын негізінен электр энергиясының сапасы, жарамсыз жолдар, автобус қатынасының аздығы мен емхана мен мектеп тапшылығы толғандырып отыр.

Осыдан 7-8 жыл бұрын мегаполис құрамына енген «Алтынтөбе» ауылы қала өркениетіне тек биыл ғана жетті. Жолдар жөнделіп, аяқжолдар салынды. Шағын стадион мен ойын алаңшасы тұрғызылды. Көшеге жарық шамдар орнатылды.

Гүлдария Назарова, қала тұрғыны:
Қалаға өткеніміздің ең бір пайдасы интернет желісі іске қосылып жатыр. Мысалы бір көшеміздің өзінде жарық жүйесі жаланып, қандай жап-жарық болып халық ризашылығын білдіруде.

«Алтынтөбеге» биыл табиғи газ желісі тартылуда. Құрылыс межелі мерзімінде аяқталса биыл көгілдір отынның игілігін көрмек.

Алып шаһардың шеткері аймақтарына табиғи газ бен кәріз жүйесін жүргізу ең күрделі мәселеге айналып отыр. «Тәуелсіздікке 20 жыл» атауы берілген аймаққа осыдан екі жыл бұрын құбыр тартылғанымен ел отын жағып, күл шығарудың азабынан әлі құтылмады. Жеке инвесторлар жұмысты шала бітірген.

 Мәлика Төлегенова, қала тұрғыны:
737 үйдің 232 үйіне жекменшік тартылыпты. Бірақ олар әлі пайдалануға берілген жоқ. 2020 жылы желтоқсанда берілді көп болса соның 20 үйіне берілді.

Шымкенттегі Абай ауданы - тұрғындарының саны көп, әрі инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелері түгел шешілмеген аймақ. Мұндағы 34 елдімекеннің 10-ы биылға дейін ауызсуға жарымай, тағы сегізі сығырайған жарықпен тіршілік етіп келді. 11-не әлі күнге табиғи газ келмген.

Бұқарбай Парманов, Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі:
Жобалық-сметалық құжат 8-не жасалынды және қазіргі кезде құрылыс жүріп жатыр. Енді 3 елдімекен қалды. 2023 жылға үш елдімекен өтпелі болады.

Президент тапсырмасына сай қала әкімінің ай сайын тұрғындарымен кездесуі нәтижесінде жыл басынан бері 80-ге жуық проблема шешімін тапты. Тағы 250 кемшілік жыл соңына дейін жұртшылық сұранысына сай түзетілмек.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу