Түркістан облыс орталығы мәртебесіне ие болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облыс орталығы мәртебесіне ие болады

05.06.2018

Үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан шаһары болып өзгереді. Бүгін облыстық мәслихаттың сессиясында халық қалаулылары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Облыстың әкімшілік құрылымының өзгеруіне байланысты енді Шымкент, Кентау және Түркістан қалаларының аумағы қайта бөлініске түседі. Тұрғындар санының 1 миллионға жетуіне орай бүгін арнайы мәртебеге ие болған Шымкент шаһары облыстан бөлініп, дербес қала ретінде дамуын жалғастырады. Ал, Түркістан қаласының аумағындағы 12 ауыл әкімшілігі іргелес жатқан Кентау қаласының құрамына өтпек. «Аймақ орталығының Түркістанға көшірілуі санаға сілкініс туғызып, отаншылдық сезімді тереңдетеді.

Сондай-ақ, қасиетті шаһар туризм саласы бойынша Самарқанд, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелесіп, Түркі  әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның мәртебесін асқақтатады»,-деді облыс әкімі.  

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі:

Облыстың әкімшілік құрылымын өзгерту проблемалық мәселелерді  оңтайлы шешуге және тиімді басқаруға өз ықпалын тигізеді деп есептейміз. Сонымен қатар, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу