Халықтың табысын арттыруға 197 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылауға арналған Үкімет отырысында мәлім болды. Жиында Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті нақтылау мәселесі де қаралды. Жалпы ел қазынасынан бөлінетін қомақты қаржы қандай мақсаттарға жұмсалады?
Халықтың табысын арттыруға 197 млрд теңге бөлінеді
Бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылды. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мен макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығындар ескеріліп отыр. Әлемдік саяси-экономикалық ахуалдың ықпалы да назарда
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде және уақытылы орындайды. Сондай-ақ қазіргі жағдайда экономиканың сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етеді. Бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан түсетін кепілдендірілген трансферт мөлшеріне түзету енгізілетін болады.
Республикалық бюджетке Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге аударылады. "қордағы ақша таусылып қалады деп алаңдауға негіз жоқ", - дейді Қаржы министрі. Қаражат Президент тапсырмаларын іске асыруға жұмсалады. Басқа да бағдарламалық құжаттарға бөлінбек.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Ұлттық қордың жинақтау, инвестициялау және дағдарысқа қарсы функциялары бар. Яғни, бұл – қалыпты процесс, контрциклдік бюджет саясаты. Бұған қоса,қордың активтері бойынша бұрынғы деңгейде қаламыз. Жалпы өнімге қатысты төменгі шегін көтереміз. Көрсеткіш жалпы ішкі өнімнің 30 пайызынан кем болмауы керек.
Азаматтардың табысын арттыруға 200 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 238 млрд, өңірлерді дамытуға 476 млрд теңге жұмсалады.
Жастарды қолдау, кәсіп ашамын дегендерге шағын несие беру, жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялау секілді қолдау түрлері бар. Қосымша қаражат агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, жеңілдетілген несие көлемін ұлғайтып, басқа да мәселелерді шешуге бағытталады.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
Жалпы алғанда, нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен 5,5 трлн теңгеден астам қаражат немесе жалпы шығыстардың 29,3 пайызы бағытталатын болады. Инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік төлемдерді индекстеуге арналған шығыстар көзделген.
Бұқаралық спортқа қосымша 21 млрд теңге бөлінеді
Енді қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау мен қалыптастыруға ерекше мән берілмек. Осыған дейін кәсіби спортқа бөлініп келген қыруар қаржы енді бұқаралық спортқа жұмсалатын болады. Спортпен шұғылданатындар саны бойынша қазір Маңғыстау, Атырау және Ақмола облыстары көш бастап тұр. Ал Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бұл көрсеткіштер төмен деңгейде.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шамамен 21 млрд теңгені кәсіби спорт түрінен алып, бұқаралық спортқа қайта бағыттадық. Оның 6 млрд теңгесі мемлкеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруға жұмсалды. Мемлекеттік тапсырыстың арқасында мыңдаған бала тегін баруға мүмкіндік алды.
Балаларға арналған тегін үйірмелерді қаржыландыру көлемі де артады. Ұлттық спорт түрлерін насихаттау ширай түседі. Спорт мектептері мен колледж қызметкерлерінің айлығын өсіру 2023 жылы аяқталады деді Мәдениет және спорт министрі. Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық үйірмелері үшін 100 пайыз көлемінде базалық қызметтік жалақы төленеді. Ел бойынша мұндай қолдауға 26 мың мұғалім ие болып отыр.
Дарын Сағитов