Басты Жаңалықтар Маңғыстауда 2 ауылдың тұрғындары өз күштерімен асфальт төседі

Маңғыстауда 2 ауылдың тұрғындары өз күштерімен асфальт төседі

Маңғыстауда 2 ауылдың тұрғындары бірігіп, ортақ жолдың шұрық тесік жерлерін өз күштерімен жөндеп алды. Олар мәселені бұған дейін бірнеше рет көтерген. Алайда, нәтиже шықпапты. Жергілікті атқа мінерлердің жайбасарлығына төзбеген тұрғындар қаржы жинап, істі қолға алған.

Игі іске тұрғындар қалауынша үлес қосқан. Бірі 2 мың, енді бірі 30 мың теңгеден беріп, бас аяғы 280 мың теңге жиналған.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Тұрғындардың өз күшімен жамап, жасап алған жолы осы. Екеуін қосқанда шамамен 15 метр жер. Ол үшін олар арнайы мекемені, қажетті техникаларды жалдаған. Соның барлығына небәрі 280 мың теңге жұмсалған. 

Жөнделген жол Мұнайлы ауданында бірнеше ауылды байланыстырады. Бірақ күрделі жөндеу жүргізілмеген. Тоғызы жеткен, ойдым-ойдым шұңқырлар көп. Оны айналып өтемін деп, опат болғандар да бар.

Талғат Төлегенов, ауыл тұрғыны:

Осы жолды істеу үшін бір сол жоба, соған бір ұзақ мерзім керек па? Құртақандай жолды тездетіп істеуге болады ғой. Қаншама адам өліп жатыр, қаншама авария болып жатыр. Біз соған шыдамадық. 1 күннің өзі бізге 1 адамның қазақтың өмірі кетеді.

Ал, Мұнайлы ауданы әкімшілігінің өкілдері аталған жерге жаңа жол салуды жоспарлап отырғандарын айтады. Жоба бойынша 3 шақырымға 4 жолақты кең жол салынбақ.

Бейсенғали Кенжеалиев, Мұнайлы ауданы түкш бөлімінің басшысы:

Былтыр да осы жолда шұңқырлар жамалған. Бірақ енді биылға осы жұмыстар былтырғы жұмыстар кішкене сапасыз болды ма шұңқырлар қайтадан пайда бола бастады. Енді біз осы мемлекеттік сатып алу конкурсын аяқтап жақындап қалдық, осы сәуір айында мердігер мекемені аяқтағаннан кейін сол жолдарды жасаймыз деп отырғанбыз.

Бұдан бөлек, ауданда 40 шақырым жол орташа жөндеуді қажет етеді. Жобалары әзір, тек қаржы қажет.

Аягөз Оралбайқызы

Бөлісу