Қаңтар оқиғасы: Талдықорғанда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 11 адам ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы: Талдықорғанда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 11 адам ұсталды

05.04.2022

Талдықорғанда қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 11 адам ұсталды. Облыс полицейлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері күдіктілерді оқиға кезінде түсірілген бейнежазбалар арқылы анықтаған. «Кадрларда олар облыс әкімдігі ғимаратын қиратып, әскерилер мен полиция қызметкерлерін соққыға жығып, ұрып жатқаны анық байқалады», – дейді полицейлер. Қолға түсіру барысында күдіктілерден қару-жарақ, оқ дәрі, қорғаныс құралдары табылған. Айғақ заттарды тәртіп сақшыларынан тартып алғаны белгілі болды.

20 және 37 жас аралығындағы азаматтарды ұстау операциясы Алматы облысының бірнеше ауданында жүргізілген. Мәселен, Сарқан ауданында ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі қолға түсті. Күдіктіден Макаров тапаншасы мен оқтары және есірткі табылған. Барлық жиналған материал арнайы прокуратураға тапсырылды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу