ШҚО-да таңбалы тастар тоналып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да таңбалы тастар тоналып жатыр

05.04.2022

Шығыс Қазақстан облысы Абыралы өңіріндегі қола, ерте темір дәуіріне жататын таңбалы тастар тоналып жатыр. Ең алғаш болып Әлкей Марғұлан зерттеген археологиялық құндылықтар соңғы жылдары азая бастаған. Жергілікті тұрғындар тарихи жәдігерлерді кімнің қолды қылғанын білмейді. Өңірден Ержан Жақыптың материалы.

Ержан Жақып, тілші:

Жергілікті тұрғындардың айтуынша мына біз тұрған төбенің өзінде таңбалы тастар өте көп болған. Кейіннен бәрі тоналып, саусақпен санарлық қана қалған. Тіпті соңғы кездерде тасты орнынан қопарып алып кеткен іздеріне дейін айқын сайрап жатыр.

 «Абыралының таңбалы тастар» деген тарихи атауы бар ескерткіштері 1,5 шақырым аумақты алып жатыр. Туристер, тарих пен археологияға қызығушылық танытқандардың жиі келетін орыны. Алайда, соңғы жылдары аспан астындағы мұражай сынды бұл жерде жәдігерлердің қатары сиреп бара жатқанын жергілікті тұрғындар растап отыр.

Серік Ақышев, Қайнар ауылының тұрғыны:

Көңілге бүгін кірбің ұялатып тұрғаны. Осыншама айуандық жасау деген мен бірінші рет көріп тұрмын. Қопарып, көтеріп алып кеткен. Кранмен әкетті ма, жоқ бұны арнайы құралмен келіп кесіп алып кетті ма?

Б.з.д 2-ші мыңжылдық кезінде қашалған түрлі аңдардың, шайқастардың, мифологиялық сюжеттердің анық бейнесі бар тастардың көбінің орындары ғана қалған. Алғаш зерттеулерде қашалаған суреттердің мыңнан асатындығы, ал ондай тастың саны 263 болғаны айтылады. Тарихшы - Амантай Исаұлы Абыралының таңбалы тастарын зерттеп, ғылыми еңбектерінде бірнеше рет жариялаған. Ғалым құндылықтарға қиянат жасағандарды жауапкершілікке тарту керек деп отыр.

Амантай Исин, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор:

Біреулер оны мақтан ретінде қоюы мүмкін ауласына. Бұл қасірет деуге болады. Өйткені, тарихи сананың төмендігі. Және мұнда жергілікті билік қатты бақылау жасауы керек. Солардан да кеткен ағаттық. Мемлекеттің заңы бар ғой. Оған нұқсан келтірген адамға қылмыстық бабы бар.

ҚР Қылмыстық кодексінде тарихи ескерткіштерді тонағандарды 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал оларды бүлдіргендерге қомақты айыппұл салынады. Әзірге таңбалы тастың қаншасы ұрланғаны белгісіз. Ғалымдар енді ол аумақты жергілікті әкімшілік қатаң бақылауға алып, ең болмағанда мемлекеттің қорғауында екендігі ескертетін белгілер орнатуы тиіс, - деп отыр.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу