Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты 3 ауданда төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты 3 ауданда төтенше жағдай жарияланды

02.04.2022

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты үш ауданда төтенше жағдай жарияланды. Қаратөбе, Шыңғырлау мен Бөрліде 37 үй, екі әлеуметтік нысан суға кетіп, 87 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Өңірге Маңғыстау облысынан қосымша 40-тан астам адам мен 10 техника жіберілді. Тасқыннан зардап шеккен ауыл тұрғындарымен тілдесіп келген әріптесім Ардақ Мұратқызы мән-жайды баяндайды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:
Біз қазір Орал қаласынан 250 шақырым қашықтағы Шалғын ауылындамыз. Бұл жерде 25 үй суға кетті. Ауыл мектебі басында қабырғасы құлап еді, енді, мінекей шатыры ортасына түсіп, опырылған. Ол жерде балалар қазір сабақ оқып жатқан жоқ. Жалпы мектепте 38 бала білім алады.

Еріген қар суы ауыл іргесіне кешкі сағат 8-де келіп, таңға дейін толастамаған. Үй-жайы, мал-мүлкі суға кеткен Дастан Құлбатыров түнімен көз ілмепті.

Дастан Құлбатыров, Шалғын ауылының тұрғыны:
Көмек керек.  Жөндеуге келмейді. Іргетастың бәрі отырған. Бәрін қалпына келтіре алмаймын. Табиғи апат.

Ауылда 45 үй бар, 196 адам тұрады. 12 үйдің қабырғасы опырылып кеткен. Тасқыннан келген шығынды есептейтін комиссия әлі келмепті. Мал-мүлкінен айырылған жұрт биліктен көмек сұрайды.

Мереке Шадияр, Шалғын ауылының тұрғыны:
Қорқыныш болғанда уайым болады ғой. Баспанамыз не болады мынадай мезгілсіз уақытта. Балаларды қайда апарамыз? 11 қозы кетті, 10 лақ кетті. 

Қорасы құлаған үй көп. Ресми мәлімет бойынша, 30-дан астам ұсақ мал су астында тұншығып, арам қатқан.

Қариялар, әйелдер мен бала-шаға көшіріліп жатыр. Тамақ, керек-жарақ та қайық арқылы осы жерден өтеді. Себебі Орал-Ақтөбе трассасына дейінгі бұл жолды екі жерден су шайып кеткен.

Мэлс Ысқақов, Қаратөбе аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
67 адам Қоскөл ауылдық округіндегі балабақша мен мектепке көшірілді. Қазір тамақтандырылып жатыр. Біздің арнайы техникамен жеткізілді.

Төтенше жағдай мамандары қауіп сейілді дегенмен, аралда қалған ауыл тұрғындары әлі үрейлі. Мұндай тасқын бұрын-соңды болмаған.

Сапарғали Байтұрсын, Шалғын ауылының тұрғыны:
Судың қаупі бар. Өйткені мына жақта 700 метр жер бөгеліп тұр. Ол судың баратын жері жоқ. Бұл жерге 7 сайдан келеді.  Мектебімізді салып берсін. Негізгі мақсатымыз сол. Арғы ойымыз - бытырамай осы ауылды ұстап қалу.

Осылайша өңірдегі 3 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Бұған қоса Шыңғырлауда аудандық маңыздағы жолдарды су бұзып өтіп, 4 ауылмен қатынас үзілді. Бөрлі ауданы Ақсай қаласында 12 үйді су басып, 8 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу