Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласы ауыз суға зәру. Турасын айтқанда, суға жарымай отыр. Себебі жерастындағы су қоры аз. Тіршілік нәрі тереңдігі 10 метрден аспайтын ұңғымалардан алынады. Еріген қар мен жауын-шашынның жер арқылы сүзілуінен пайда болатын су тазартылғанымен, нәтиже шамалы.
Бұрын ауыл болған Қосшы былтыр қала атанды. Алайда, елді-мекеннің әкімшілік мәртебесі өзгергенімен тұрғындардың машақаты азая қойған жоқ. Бес литрлік құтымен су тасып жүргендер әлі көп.
Микен Өтеген, Қосшы қаласының тұрғыны:
Су сапасы өте төмен. Сүзгіден өткен суды алып ішеміз. Краннан аққан суды сүзгі орнатушылар келгенде тексеріп көрсеткен. Жасыл бірдемелер жүреді, болады ғой құр бақалар жүретін.
Әсел Біртісова, Қосшы қаласының тұрғыны:
Краннан балаларға су бермейміз, сүзгіміз бар. Ол сүзгіден су ақырын ағады.
2009 жылға дейін Қосшыда 2 су ұңғымасы болған. Қазір тіршілік нәрі 24 ұңғымадан алынады. Бірақ, гидроқұрылғының саны еселеп артқанымен, тереңдігі 12 метрден аспайды. Себебі су жерасты судың бірінші қабатынан тартылады.
Валерий Асамбаев, Қосшы Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
Біз тәулігіне 10 мың текше метр су беріп отырмыз, бірақ қазір бұл аз. Қаланы толық қамтамасыз ету үшін кемінде 15 мың текше метр керек. Бірақ оған жер астындағы су қорының мөлшері де жетпейді.
Тұзды суды тұщыту үшін 5-6 жыл бұрын арнайы станция да салына бастаған. Жоба әлі толық жүзеге асқан жоқ. Бірақ, одан да пайда аз екені әзірден белгілі.
Берік Көшербай, тілші:
Бұл кәсіпорын әлі ресми түрде пайдалануға берілмеген, бірақ жұмыс істеп тұр. Сонда да Қосшы тұрғындары тап-таза су ішіп отыр деп айту қиын. Себебі, мұндағы үш мембраналық сүзгінің екеуі бітеліп қалған.
Қазір Қосшыдағы халық саны 100 мыңға жуықтап қалды. Алдағы 10 жылда тағы 50 мыңға артады деген болжам бар. Яғни ауыз су мәселесі бұдан да өзекті болады. Проблеманы шешу үшін Қосшыны Елорданың су құбырына қосудан басқа жол жоқ дейді, жергілікті депутаттар.
Айдын Төребаев, Қосшы қалалық мәслихатының депутаты:
Бізге 30 мың текше метр күніне су берсе, жеткілікті еді. Өйткені, қала күннен күнге өсіп келеді. Екіншіден, Нұр-Сұлтан қаласына қосылсақ, мәселе тез шешіледі. 1 жылдың ішінде шешілер еді және ол судың сапасы да жақсы.
Айдын Төребаев Қосшыдағы қоғамдық кеңес төрағасы. Оның айтуынша, Елорда іргесіндегі жаңа қалада көпқабатты үй салғысы келетіндер аз емес. Бірақ, инвесторлардың келуіне су тапшылығы кедергі.
Берік Көшербай