Ресейге салынған санкцияның салқыны біздің экспорт нарығын да айналып өтпеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейге салынған санкцияның салқыны біздің экспорт нарығын да айналып өтпеді

01.04.2022

Ресейге салынған санкцияның салқыны біздің экспорт нарығын да айналып өтпеді. Наурызда Ресей порттарынан Еуропалық порттарға баратын жүктердің логистикасында біраз қиындық туындаған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. Алайда Латвияпен сәтті келіссөздің нәтижесінде бұл жүктер олардың жетекші порттарына бағытталды. Осылайша наурызда 600 мың тонна жүк жөнелтілді. Ал сәуірде 1 млн 200 мың тонна жүкті тасымалдау жоспарланған. Қазақстан жүк экспортының өзге де балама бағытын қарастырып жатыр.

Бақытжан Рақымбеков, ҚР ИИДМ Көлік саясаты және инфрақұрылым департаментінің директоры:

Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия арасында бірлескен кәсіпорын құру жоспарланды. Ол бірыңғай тарифтік шарттарды құру мүмкіндігін береді. Сонымен қатар Ақтау портында контейнерлік хаб құру және аталған маршруттың автомобиль тасымалдарын дамыту жоспарлануда.

Айта кетейік, елде теміржолмен тасымалдайтын жүктің көбі Ресей арқылы өзге елдерге және Ресейдің өзіне экспортталады. Мәселен, былтыр Қазақстан 81 млн тонна жүкті сыртқа тасымалдады. Оның 41 млн тоннадан астамы Ресейге, 19 млн тонна жүк көрші ел арқылы үшінші мемлекеттерге экспортталған. Теңіз портымен жөнетілетін жүк тағы бар.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу