Ақтөбеліктер кешелі бері еріген қар суымен алысып әлек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеліктер кешелі бері еріген қар суымен алысып әлек

01.04.2022

Ақтөбеліктер кешелі бері еріген қар суымен алысып әлек. Қаланың коммуналдық мекемелері көшелерді судан тазартып үлгерер емес. Мұндай олқылыққа жол бергені үшін қала әкіміне ескерту берілді. Аудандарда да жағдай күрделі. 6 ауылға кіреберіс жолды су шайып кеткен. 

Қаланың шеткері аудандарын екінші тәулік су басып жатыр. Әсіресе, Қурайлы, Жаңақоныс,Рауан және Қызылжар елді мекендерінде жағдай қиын. Сондай-ақ, Өрлеу аулындағы шеткері үйлерге де су кірген. Қазір бұл жерлерде төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмыс істеп жатыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ағын су көшелерге толып, тіпті аулаларға лап қойған.Кеше түнімен ондаған үйдің тұрғындары үйлеріне кірген сумен алысып, әлеке түсті. Мәселен, мына баспаналарға, тіпті, резеңке етіктің өзімен кіре алмайсыз.

Гүлжамал Сүлейменова, Қызылжар ауылының тұрғыны:

Қиын болып, 2-3 үш жылдан бері суға кетеміз. Соған МЧКе соғып едік, жауап бермей тұр.Кеше үйімізге дейін кірді.Бүгін кішкене қатқақ болып су азайды.

Қаланың орталығында да жағдай мәз емес. Тіпті, 12 жастағы оқушы қыз арықтағы суға батып кете жаздады. Жасөспірім «Батыс-2» ауданында орға құлап кеткен. Көшеге жайылған ағын судан тереңдігі бір жарым метр болатын суағар көрінбей қалыпты. Абырой болғанда ол бір қолымен құбырдың ернеуінен ұстап үлгерген. Оны сол маңдағы фитнес клуб мамандары құтқарып қалды. Қазір ол жердің суы тазартылып, бақылауға алынды.

Алексей Ступенко, Фитнес клуб қызметкері:

Мына жерде бір әйел ымдап, көмекке шақырып тұрды. Баланың басы ғана шығып жатқанын байқап, жүгіріп келдік. Алайда, бірден шығару мүмкін болмады. Күзетші мен тағы да адамдар келді. Ішке кіргізіп, құрғақ киім бердік, мамандарымыз көмектесті.

Облыс бойынша қазір 6 ауылға қатынас тоқтап қалды. Байғанин ауданында екі елді мекенге апаратын жолды су шайып кеткен. Қобда ауданында да екі ауылға қатынас үзілді. Сондай-ақ, тасқын су Өтек аулындағы көпірді де бұзып кетті.

Нұрбек Оралбаев, ТЖД басқармасының маманы:

Жолдарды шайып кеткен жерлерде жолды қалпына келтіру мүмкін болмай тұр. Су қалай өзі түседі, сол мезетте жол қайта қалпына келтірілетін болады. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.Шет қалған ауылдарда жол қатынасынан ажыратылған ауылдарда дәрігерлер бар, қайық өткелдері ұйымдастырылған.

Аудан әкімдері бұл елді мекендерде азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қоры бар екенін жеткізді. Ал, облыс орталығынан кешелі бері 100 мың текше метр су сорылды. Бұл жұмыстарға 658 адам, 359 техника жұмылдырылды.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу