100 мыңға жуық мүгедек жан тұратын Түркістан облысында ересектерге арналған бірде-бір сауықтыру орталығы жоқ. Ақылы ем қабылдай алмайды. Себебі, кембағал жандар 36 мың мен 70 мың теңге аралығында ғана жәрдемақы алады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың шешілмеген мәселелері бір бұл емес.
Кентаулық Зухра Нұрмұхамедова он жылдан бері кембағал жанның күтіміне қарайды. Дәрі-дәрмегі мен қажетті заттарды айтпағанда сал адамды далаға серуендету мұң болды, - дейді күтуші.
Зухра Нұрмұхамедова, жеке көмекші:
Беретіні екі памперс, оны неге жеткіземін. Мысалы бір күнде үш төртеуін қолданамыз. Далаға шығарайын десек детский коляска беріп тұр да. По размеру ол коляскаға сыймайды да, далаға шыға алмай отыр.
Он мыңға тарта мүгедек тұратын Кентау қаласында түйткіл көп. Мыңдаған мүгедекке бар болғаны үш ақ инватакси қызмет көрсетеді. Оның өзін сағаттап күтеді. Ал, бағдаршамдар зағиптарға арналмаған. Жанарынан айырылғандарға шұрқ тесік жолда жүру тіпті қиын. Ғимараттарда пандус жоқ. Барының өзі талапқа сай емес. Сот пен прокуратураға тіпті маңайлай алмайды.
Кембағал жандар оңалту орталығына да барып көрген емес. Себебі жүз мыңға жуық мүгедек тұратын Түркістан облысында бірде - бір арнайы орталық жоқ. Ақылы ем қабылдауға жәрдемақы жетпейді.
Дүйсенәлі Жүсіпов, "Мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Бірінші топтың мүгедегі алатыны 69 мың теңге. Екінші топ мүгедегі 63 мың алады. Ештеңеге бара алмайды ондай ақшамен. Шынын айтса өз семьясын да асырай алмайды.
Нұрлан Болғаныс, тұрғын:
Мысалы бізге қолдануға берілетін телефондар сөйлейтін программасы көтере алмағандықтан, ол затты пайдалана алмаймыз. Флеш плеер дейді, ол заттар сөйлемейді. Олардың дауысы жоқ та негізі. Дауыссыз алғаннан кейін қолдануға келмейді ол заттар.
Ал, мүгедектерге күтім жасайтын жеке көмекшілердің жалақысы 50 мың теңге. Ең құрғанда еңбек өтілі де есептелмейді.
Жазира Жанасбаев, жеке көмекші:
Ешқандай ештеңеге жетпейді базарға барсаң елу мыңға. Не медсақтандыруға жүрмейді. Не зейнетақы қорына жүрмейді.
Жауаптылар болса жәрдемақыны арттыруға жергілікті бюджетте қаржы жоқ деп қарекетсіз отыр.
Нұржан Нұрашев, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
Республика көлемінде атқарылатын жеке көмекшілердің айлығын көтеру жөнінде де ұсыныс түскен. Мына жөргектердің санын көбейту жөнінде ол мәселе де республика бойынша бүгінгі таңда қаралу үстінде.
Басқармадағылар оңалту орталығын да келер жылы ашамыз деп сендірді. Қаражат бөлінсе, биыл екі жүз орынға лайықталған кешеннің құрылысы басталмақ.
Айнұр Ақбаева