Каспий құбыр консорциумындағы бірінші құрылғы жақын арада жұмысын қайта бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспий құбыр консорциумындағы бірінші құрылғы жақын арада жұмысын қайта бастайды

25.03.2022

Каспий құбыр консорциумындағы бірінші құрылғы жақын арада жұмысын қайта бастайды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, бүгін ресейлік әріптестерінен консорциумдағы бірінші құрылғы қайта іске қосылады деген ақпарат келген. Ал шикізат экспортының төмендеуі бензиннің арзандауына әсер етпейді.

Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы жөндеу жақын арада аяқталмаса, Қазақстан шикізатты 3 бағыт бойынша экспорттай алады. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, шикізатты алдымен Атыраудан Самараға дейінгі мұнай құбыры арқылы тасымалдауға болады. Бұл құбырмен еліміз 7 млн тоннаға дейін қара алтын экспорттауға қауқарлы. Екінші балама бағыт – Ақтау теңіз порты. Ол кезінде 12 млн тоннаға дейін кеңейтілген.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Бұл порт арқылы мысалы біздер қазіргі уақытта 5 млн тоннаға дейін жіберуге болады. Бұның себебі Баку Әзербайжан жеріне жетіп, одан кейін Қара теңізге жеткізуге болады. Одан кейін кемемен апаруға болады тұтынушыларға. Теміржолмен жеткізуге болады. Өкінішке орай бізде теміржолдың вагондары шектеулі болып тұр.

Өйткені теміржолмен тасымалданған мұнай ішкі нарықты қамтып отыр. Ал Атасу-Алашаңқай мұнай құбыры арқылы тасымалдауға қазіргі құбырдың мүмкіндігі жетпейді. Министр сол үшін Атыраудан Кеңқияққа баратын құбырды кеңейту туралы тапсырма берілгенін айтты. Оның қуатын 12 млн тоннаға дейін жеткізуге болады, - дейді. Жалпы Атасудан Алашаңқайға баратын құбырдың қуаты 20 млн тонна. Қазіргі уақытта 11,5 млн тонна мұнай тасымалдап жатыр. Оның 10 млн тоннасы Қазақстан арқылы өтетін Ресейдің мұнайы.

Дмитрий Журавлев, РФ Аймақтық мәселелер институтының бас директоры: 

Қазақстан мұнайын Қытай біраз көлемде импорттай алады. Өйткені оларда шикізатқа әлдеқайда сұраныс жоғары. Тек Қытай емес кез келген үшінші мемлекет сіздердің шикізатты сатып алады. Сондықтан Атасу-Алашаңқай мұнай құбыры арқылы Қазақстан қара алтын экспортын арттырса, бұл Қытай нарығына да, Қазақстанға да тиімді болады.

Ресейлік маман мұнайды Қытайға сатуға кедергі жоқ екенін айтады. Тек құбырды тез арада кеңейту керек. Алайда, сарапшылардың сөзінше бұған 2 жыл уақыт кетуі мүмкін. Сондықтан шикізат әзірге консорциум арқылы саудаланады. Болат Ақшолақовтың айтуынша, бүгін ресейлік әріптестерінен Каспий құбыр консорциумындағы бірінші құрылғы жұмысын қайта бастайды деген ақпарат келген.

Марат Қайырленов, экономист:

Мұнай құбырын кеңейту әлдеқайда көп уақыт алуы мүмкін. Алайда, бұл бізге аса қажет. Консорциумдағы қазіргі жағдай Қазақстанға жаңа мұнай құбыры қажет екенін нақты көрсетіп отыр. Сондықтан қанша уақыт алғанымен, оны іске асыру қажет.

Ал қазіргі жағдайға қатысты жанар-жағармай арзандамайды. Министр Қазақстанда мұнай өнімдері бағасының төмендеуі көрші елдерге заңсыз тасымалдың көбеюіне әкелгенін еске салды. Былтыр бұл жағдайдың салдарынан ішкі нарықта мұнай өнімдері тапшы болған. Министр АИ-92 мен АИ-93 маркалы бензин бағасы 192 теңге, ал АИ-95 бензині 215 теңге шамасында сақталатынын жеткізді. Ал оларға жаңа акциз салынғанымен бензин бағасы өспейді дейді.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу