Елімізде «банкрот» болған азаматтарға шектеулер жеңілдейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде «банкрот» болған азаматтарға шектеулер жеңілдейді

25.03.2022

Жұмыссыз жүрген борышкерді міндетті түрде еңбекке тарту қажет. «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң жобасына қатысты сарапшылар осындай ұсыныс айтты. Олар денсаулығы мүмкіндік берсе, «банкрот» деп танылған адамды жұмыс істеуге міндеттеу керек, - дейді. Жалпы банкрот болған азаматқа қандай шектеу қойылады? Оларға екінші рет несие алуға мүмкіндік беріле ме?

Ақерке Бектас, тілші:

«Банкрот» деп танылған азаматтарға 5 жылға дейін несие алуға мүмкіндік берілмейді. Демек 5 жылдан соң қайта кредит рәсімдеуге шектеу жоқ. Және бұл азамат 7 жылдан кейін өзін екінші рет «банкрот» деп жариялай алады. Бұл ұсыныстар қазір талқыланып жатқан заң жобасына енгізілді.

Азаматтың төлем жүргізуге шамасы келмесе, екі жағдайда «банкрот» деп танылады. Біріншісі, 5 жылдан аса қарызын кешіктіргендер, соттан тыс банкрот деп есептеледі. Екіншісі, 1 жыл бойы несиесін төлемегендер. Бұл жағдайда қарыз сомасы 300 мың теңгеден аспауы тиіс. Егер борышкердің 5 млн теңгеден аса берешегі болып, тұрақты табыс тапса, 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Алайда азаматта төменгі күн көріс деңгейіне шаққандағы 38 мың теңге қалуы керек.

Марат Сұлтанғазиев, ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары:

Банкротқа жүгінердің алдында банк өз жұмыстарын толық жүргізеді. Алдымен кредитті категориядан категорияға ауыстырады. Кейін мәжбүрлеп өндіру бойынша жұмыс істейді. Содан кейін ғана банкрот болып жариялануға мүмкіндік болады.

Мақсат Халық, экономист:

Кейбір жағдайда болады, өзінің басында үйі бар, екінші үйі, жері болуы мүмкін. Сондай қиын жағдайға тап болып қалды. Ол дүниесінің бәрінен айырылып қалмауы үшін өзінің атынан біреулерге аудара бастайды. Міне, осындай қулықтарға жол берілмеуі керек.

Бұл да заң жобасында қаралған. Банкроттыққа әдейі барған адамдар жауапкершілікке тартылады. Қарыз сомасына қарай айыппұл арқалап, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал борышкердің банк алдындағы қарызы кешіріле берсе, несие мөлшерлемесі бірден өсіп, банктер кредит беруді азайтады. Осылай деген Қаржыгерлер қауымдастығы жұмыс тобы барлық тараптың мүддесін ескеріп, шешім қабылдауға тиіс, - дейді.

Ләззат Үсенбекова, Қаржыгерлер қауымдастығының тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі директоры:

Егер салмақты түрде қабылданбаса, әсері көбейген сайын банктерге өзінің ішкі несие беру саясатын қайта қарастыруға тура келеді. Өйткені дәл қазір несиеге ақша қайдан тартылып жатыр? Ол көбінесе депозит. Ол да жеке тұлғалардың, халықтың ақшасы.

Иә, Қаржыгерлер қауымдастығы 80 пайызға дейін қаржы фонды несиеге депозиттен алынатынын еске салды. Сондықтан кредитті кешірумен қатар, оны қайтаруға мүмкіндік беруді ұсынады. Сондай-ақ, «банкрот» болған адамға оқу немесе жұмыс істеу үшін шетелге шығуға шектеу алынып тасталды.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу