Украина күштері Ресей әскерінің маңызды нысандарына соққы берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина күштері Ресей әскерінің маңызды нысандарына соққы берді

25.03.2022

АҚШ пен Британия барлаушыларының мәліметінше, Украина қарулы күштері Ресей армиясы үшін маңызды нысандарға соққы беріп жатыр. Соның салдарынан Ресей әскері таусылуға жақын қорын толтыра алмай, шабуылды жалғастыруда қиындыққа тап болған.

Бұған дейін Киев Бердянск портында тұрған Ресейге тиесілі «Саратов» десанттық кемесін жойып, тағы екі кемені зақымдағанын және оқ-дәрі қоймасын шабуылдағанын хабарлады. Мәскеу әзірге бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ.

Соңғы деректерге сай, Ресей күштері Украина қалаларына әуеден және артиллериядан соққы беруді жалғастырып жатыр. Қоршаудағы Сумы және Харьков қалаларында азаматтық инфрақұрылымдарға оқ жаудырған. Украина әскері Ресей күштерінің Чернигов қаласын қоршауға алуына жол бермеді.

Киевтің тағы бір мәліметіне сай, 10 украиналық тұтқын 10 ресейлікке айырбасталған. Сонымен бірге Украина суға батқан кемеден құтқарылған 11 ресейлік теңізшіні жіберіп, Ресей 19 украиналық теңізшіні кепілден босатты.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу