Түркістан облысындағы 9 индустриялық аймақтың үшеуі әлі күнге дейін іске қосылмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы 9 индустриялық аймақтың үшеуі әлі күнге дейін іске қосылмаған

24.03.2022

Түркістан облысында индустриалды аймақтар кәдеге аспай тұр. Қаржы бөлінбеген соң өңірдегі бірқатар өндіріс алаңдары тоқтап қалған. Ал, Бәйдібек, Шардара және Түлкібас аудандарындағы индустриалды аймақтар тіпті жылдар бойы іске қосылмай келеді.

Индустриалды аймақта ашылған жиһаз цехында 200 түрлі өнім шығарылады. Қажетті шикізат шетелден тасымалданады. Ал, дайын өнімді алыс-жақын қалаларға саудалайды. Алайда, кәсіпорын басшысы индустриалды аймақтағы теміржол желісі пайдаға аспаған соң, шығынға шаш етектен баттық, - дейді.

Камол Юлдашев, кәсіпорын басшысының орынбасары:

Мына ветканы, тупикті 2015 жылы салған. Тапсырған, бірақ жұмыс істемейді. Оны қайда барып айттық. Парламент депутаттары келді, мәжілісмендер келді, облыс әкімі ауысып жатыр. Қала әкімі жылына ауысады. Бірақ шешім таппай отыр.

Индустриалды аймақта кәріз жүйелері тартылғанымен іске қосылмаған. Осы сынды бірқатар проблемалар кәсіпкерлер үшін жұмыс бастауға қолбайлау болып отыр. Сондықтан аумағы 40 гектарды құрайтын өндіріс аймағында қазір небәрі 17-ақ кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жоспар бойынша мұнда ірі зауыттар салынуы керек болатын. Мамандардың айтуынша өзге аудан-қалалардағы индустриалды аймақтарда да жағдай мәз емес.

Талғат Мамытов, «TURKISTAN» индустриалды аймақтарды басқарушы компанияның басшысы :

Бәйдібек ауданы, Шардара ауданы және Түлкібас аудандарында индустриальный зона іске қосылмаған. Ол жерлерде қатысушылар жоқ. Түлкібас ауданында ішкі инфрастуктура тартылмаған.

Облыстың тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасы құрылыс жұмыстарына қажетті қаржы бөлінбегендіктен индустриалды аймақтардың кейбірі тоқтап тұрғанын айтады. Ал, енді бірінде кемшіліктер анықталған. Мәселен, 7 жыл бұрын ашылған Бәйдібек ауданындағы индустриялық аймақ әлі күнге дейін қолданысқа берілмеген.

Қуат Оңғаров, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы бөлім басшысының м. а:

2015-2016 жылдарға қаралған отыз миллион теңгесі бөлінбей, сол себепті мердігер мекемемен біраз уақыт соттасу процестері жүргізіліп, қазіргі таңда ол мәселе толығымен шешіліп, ақша қысқартылып, сол арқылы енді мердігер мекемемен келіссөздер жүргізіліп, енді қабылдау процестері жүргізіледі.

Өңірдегі индустриалды аймақтарда 7 жылда небәрі 29 млрд теңгенің 40 жобасы жүзеге асқан. Сарапшылар бұл нысандарда тариф құнының кәсіпкерлер үшін тым қымбат екенін айтады. Сол себепті қаржы құятын инвесторлар да жоқтың қасы.

Жанна Тілеубекова , «Атамекен» ҰКП облыстық филиалы директорының орынбасары:

Индустриялық аймақтарда коммуналдық қызмет тарифтері бойынша жеңілдіктер қарастырылмаған. Электр энергиясының құны қымбат. Көрші Өзбекстанда «Навои» және «Сырдария» индустриялық аймақтары бар. Ал онда кәсіпкерлер электр энергиясы үшін екі есе аз төлейді.

Түркістан облысындағы 9 индустриялық аймақтың үшеуі әлі күнге дейін іске қосылмаған. Ал, қалғанында өндіріс аумағының небәрі 37 пайызы ғана пайдаланылған. Яғни, жартысына да жетпейді.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу